Қызылордалық ана баласының жазықсыз абақтыға қамалғанын айтып, құзырлы органдардан әділдік сұрайды. Ол тергеу амалдарының тым ұзаққа созылып, істің ақ-қарасы анықталмай жатқанына қапалы.
Нартай Бекежанов атындағы драма театрының әртісі Нұржан Қараманов үш айдан аса уақыттан бері қаладағы тергеу изоляторында қамауда жатыр. Оны 8 тамызда қылмыстық іске қатысы болуы мүмкін деген күдікпен ұстаған. Содан бері тергеу әрекеттері жүріп, тиісті сараптама алынған. Бірақ іс сотқа жолданбаған. Күдіктінің анасы «нақты дәлел болмаған соң, бұл іс бұрмалануда» деп ашынады.
Ал облыстық Полиция департаменті Қарамановтың ісіне қатысты тергеу жалғасып жатқанын жеткізді. Оған Қылмыстық Кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылған. Алайда сотқа дейінгі тергеу процесі аяқталмайынша істің мән-жайы жарияланбайды деп отыр.
Әбдібек Жаназаров, облыстық Полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы:
ҚР Қылмыстық Кодексінің 24-баптың 2-бөлігімен, 99-баптың 2-бөлігімен қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмыстық істің тергелуі департаментпен бақылауға алынған. Тергеу процесінің созылуы заңға сәйкес. Қазіргі таңда қылмыстық іс аяқталу сатысында.