Шымкентте екі емхана жабылып, дәрігерлер мен науқастар далада қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте екі емхана жабылып, дәрігерлер мен науқастар далада қалды

11.11.2021

Бүгін Шымкент қаласындағы екі бірдей емхана қақпасын тарс жауып, дәрігерлер мен науқастарды ішке кіргізбей қойды. Салдарынан сырқаттанып келген науқастар да күнұзақ далада тұруға мәжбүр болды. 400-ден астам медицина қызметкерінің емханаға кіріп, жұмыс істей алмауына не себеп? Аймақтағы тілшіміз Ғани Қалмаханов мәселенің мән жайын зерделеп көрді.

Нұржамал Туғанбаева түні бойы ыстығы көтеріліп, дөңбекшіп шыққан немерелерін дәрігердің қарауына кіргізе алмады. Емхана ғимараты тұрмақ кіреберіс қақпаның өзі тарс жабық. Дәрігерлер де науқастармен бірге көшеде тұруға мәжбүр болды.

Нұржамал Туғанбаева, Шымкент қаласының тұрғыны:
Таңғы сағат 7-де келгенбіз.  Не кіре алмаймыз.  Не деген сұмдық бұл?

Мегаполистегі №2 емхана бес жылдан бері көшпелі күйін кешіп жүр. Бірнеше ғимаратқа қоныс аударды. Осыдан бір жарым жыл бұрын жайғасқан бұл ғимаратты жуырда кәсіпкерге сенімгерлік басқаруға беріп, жағдайлары жақсарып қалып еді. Енді ғимарат қожайыны өзгеріп, өзге талап қоюда. Шаһардағы №3 емханада да тура осы жағдай.

Нұрбике Әденбаева, Шымкент қаласы №2 емхананың бас дәрігері:
 Енді бүгіннен бастап бізді жауып жатыр. Тағы бір компания алады дейді. Солай қарай кетесіңдер дейді. Бізді ары-бері көшіре беруден шаршадық. Жиһаздарымыздың тозығы жетті. Дәрігерлер шаршады. Барлығы қарсы шығып жатыр.

 Барлық дау ғимарат қожайыны мен емхананы сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкер арасындағы түсініспеушіліктен туындаған.

Бақытжан Позилов, Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
Өте ескі ғимарат болатын, қондырғылары да түгел емес. Сондықтан 17 түрлі талап бойынша инвестор емхананың материалдық техникалық базасын жақсартты. Алайда сенімгерлік басқаруды өзге компания жеңіп алды. Біз қазір олардың бәрімен келісімге келдік.

Бүгін түс ауа емханалар өздерінің қалыпты жұмысына қайта кірісті. Науқастар бұл емханаларда одан әрі емін қабылдай береді. Сондай-ақ медицина мамандары да жұмыс орнын ауыстырмайды.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу