Үкіметтің экономикалық және әлеуметтік саладағы кейбір функциялары министрліктерге, ал олардың бірқатар өкілеті әкімдіктерге беріледі. Бүгін Сенатта мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған заң қабылданды. Құжатқа енгізілген өзгерістер мемлекеттік органдардың дербестігі мен жауапкершілігін арттырады. Әрі жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Мысалы, Білім және ғылым министрлігіне қаржы ұйымдары беретін білім беру кредиттеріне және олардың мөлшеріне кепілдік беру қағидаларын бекіту қызметі жүктеледі. Сыртқы істер министрлігі халықаралық шарттардың орындалуын қамтамасыз ету ісіне мониторинг жүргізуге жауапты болады. Сондай-ақ, орталық мемлекеттік органдардың кейбір функциялары жергілікті атқарушы органдарға беріледі.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:Бүгін қабылданған Заң - мемлекеттік басқару жүйесін реформалау аясында жасалып жатқан маңызды қадамдардың бірі. Заңдағы нормалар мемлекеттік басқару процесін ары қарай жетілдіруге бағытталған. Сондай-ақ осы құжат мемлекеттік аппарат қызметінің тиімділігін және мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын арттыруды көздейді. Бұл өз кезегінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың дербестігі мен жауапкершілігін күшейтеді.
Берік Көшербай