Германия канцлері Ангела Меркель Ресей президенті Владимир Путинді Беларусьтің Польшамен, Литвамен арадағы шекараларындағы миграциялық дағдарысты шешуге көмектесуге шақырды. Мұны неміс үкіметінің басшысы Португалия және Латвия премьер-министрлерімен өткен кездесуде мәлімдеді. Меркельдің ойынша, Беларусь-Польша шекарасына жиналып қалған босқындар – адамзатқа қарсы саясаттың құрбандары және олар үшін қандайда бір жағдай жасалуы керек.
Қазір Беларусьтен Польшаға мыңдаған мигрант өтуге әрекеттеніп жатыр. Олар – негізінен Таяу Шығыс елдерінен, Ауғанстаннан және Африкадан. Еуропа одағына сенсек, президент Александр Лукашенко оларды әдейі поляк жеріне жіберіп жатыр. Сондағы мақсаты – санкция үшін кек алу. Дегенмен ресми Минск мұны жоққа шығарып келеді. Өзге бір болжамдарға қарағанда, бұл дағдарысты Путин Еуропаны тұрақсыздандыру үшін ұйымдастырды. Алайда Кремль бұны мойындамай отыр.