Ақтөбе мектептерінде мұғалім жетпей жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе мектептерінде мұғалім жетпей жатыр

10.11.2021

Ақтөбе мектептерінде мұғалім тапшы. Облыстық Білім басқармасының мәліметінше, басқа мамандықтарды былай қойғанда  тек орыс тілі мен әдебиеті пәнінен 40 мұғалім қажет. Кейбір мектептер амалдың жоқтығынан зейнет жасындағы ұстаздарды жұмысқа тартуға мәжбүр. 

Эльмира Халиуллинаның зейнетке шыққанына 4 жылдан асса да, ұстаздық қызметін жалғастырып жатыр. Өйткені өңірде математика пәнінің мамандары жетпейді. 40 жылдық еңбек өтілі бар мұғалімді мектеп басшылығы аттай қалап шақырып алған.

Эльмира Халиуллина,  математика пәнінің мұғалімі:
Маманның жоқтығынан мені жұмысқа шақырды. Мен қуана келістім. Облыста математика пәнінің мұғалімдері өте аз. Жастардың көбі жоғарғы оқу орнын бітірген соң бірден мектепке келгісі келмейді. Әрі математика пәніне екінің бірі барғысы келмейді. Бұл өкінішті жағдай.

Дәл қазір өңірде 40-тан астам ардагер ұстаз еңбек етіп жүр. Маман тапшылығы сезіліп отырған мекеменің бірі - Ақтөбедегі №11 мектеп-гимназия. Мұнда қазір екі зейнеткер жұмыс істейді. Олардан бөлек бастауыш сыныптарға төрт маман қажет. Мектеп әкімшілігі амалдың жоқтығынан екі мұғалімнің жұмысын бір адамға артуға мәжбүр.

Ғалия Ізбасқанова, №11 мектеп-гимназия директоры:
Төрт мұғалім бастауыш сыныпқа, екі-үш мұғалім математикадан, ағылшын тілінен 2-3 мұғалім керек еді. Төрт бастауыш сынып мұғалімдері екі сыныптан алып жатыр.

Облыс бойынша дәл қазір 51 маман қажет. Әсіресе орыс тілі мен әдебиеті пәнінен, сондай-ақ, бастауыш сыныптарға оқытушы жетіспейді. Кей мектептерде аталған пән мұғалімдерінің жүктемесі тым көп, 30 сағатқа дейін дәріс береді. Мәселені шешу үшін жергілікті колледждердің бірінде екі тілде сабақ беретін мамандар даярлап жатырмыз, дейді жауаптылар.

Жолдас Батырхан, облыстық Білім басқармасының басшысы:
Сұраныс жылма-жыл туындап отырған себепті біз Ақтөбе гуманитарлық колледжі жанынан орыс тілінде сабақ беретін, бастауыш сыныптың мұғалімдерін дайындайтын арнайы мамандық аштық. Бұл салада қазір 75 студент білім алып жатыр. Алдағы оқу жылында алғашқы түлектеріміз осы оқу орнын бітіріп шығады деп отырмыз.

Соңғы үш жыл бойы тапшы мамандықтарға жергілікті бюджет есебінен гранттар бөліне бастады. 300-ге жуық студент тегін оқып жүр. Олардың алғашқы легі алдағы жылы жұмысқа кіріспек. Қазір өңірде 20-ға жуық мектептің құрылысы жүріп жатыр. Демек маман тапшылығы толығымен жойылады деуге әлі ерте.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу