Қызылордада оқушылар «Едіге батыр» жырын жатқа айтып сайысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада оқушылар «Едіге батыр» жырын жатқа айтып сайысты

10.11.2021

Қызылордада мектеп оқушылары «Едіге батыр» жырын жатқа айтудан сайысқа түсті. «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының облыстық кезеңіне 24 талапты жас қатысып, үздіктер анықталды.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған аламанға Сыр өңірінен барлығы 700-ден аса оқушы сынға түскен. Іріктеуден іркілмей өткендер ақтық кезеңде жыр айтудан жүйрік екендерін дәлелдеді. Тарихи дастанды мүдірмей айтып шыққан қазалылық Гауһар Әзен байқау жеңімпазы деп танылып, 750 мың теңгенің сертификатын иеленді. Ал зерек жастың зейінін ашып, білім берген ұстазына 1,5 миллион теңге табысталды. Қазақ эпосын кейінгі ұрпаққа кеңінен дәріптеу мақсатында дәстүрге айналған жобаның республикалық кезеңінде Гаухар Әзен Сыр өңірінің намысын қорғайтын болады.

Гауһар Әзен, байқау жеңімпазы:

Маған осы байқауда ұстазым, ата-анам, мектебім үлкен жауапкершілік артып еді. Мен олардың сенімін ақтағаныма қуаныштымын. Жалпы, батырлар жыры маған үлкен рухани азық берді. Бабаларымыздың батырлығын, олардың қаһармандығын мен өз бойыма үлгі етіп алдым.


Хабарламаларға жазылу