22 қарашадан қайта вакциналау басталады. Екпені бірінші кезекте тәуекел тобына кіретін мамандар салдырады. Олар – медицина мен қарулы күштер қызметкерлері және мұғалімдер. Сосын қалған тұрғындар қаңтардан бастап препараттарды қабылдай береді. Тек 60 жастан асқандар, антиденеге тест тапсырып, теріс нәтижесін алғандар және зерттеуден өз бетінше өткендерге белгіленген мерзім жоқ.
Бүгінде жұрт күткен Pfizer вакцинасының 4 млн 230 мың дозасы сатып алынды. Енді кезең-кезеңмен жеткізіледі. Алғашқы легі – 379 мың екпе. Бірақ ол жүкті әйелдер, бала емізетін аналар мен жасөспірімдерге арналған. Осы санаттағылар саны - 2 млн 115 мың адам. Айта кету керек, 12-17 жас аралығындағы жеткіншектерге екпе ата-ана рұқсатымен ғана салынады. Әзірге препаратты қабылдамаған балалардың жүріп-тұруына шектеу қою мәселесі қарастырылып жатқан жоқ.
Айжан Есмағамбетова, ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы:
Бізде 18 жастан асқандарға арналған вакциналар қолданылды. Бірақ емізетін аналар мен жүкті әйелдерге кері әсері болғаннан соң рұқсат етілмеді. Ал Pfizer-дің нұсқаулығына сай 12 жастан асқан жасөспірімдерге екпе салдыруға кедергі жоқ. Бұл шешім жоғары да атап өткен санаттағы адамдарға да қатысты. Яғни біз халықтың сол бөлігін қорғауымыз керек. Ескеретін жәйт, оларға вакцина ықтиярымен ғана салынады.