Мәжілісте құқық қорғаудың үш буынды моделін енгізу мәселесі талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжілісте құқық қорғаудың үш буынды моделін енгізу мәселесі талқыланды

10.11.2021

Бүгін Мәжілісте полиция, прокуратура және сот арасындағы құзыретті реттеу мәселесі талқыланды. Басты мақсат - қылмыстық қудалау мен сот төрелігін іске асырудың үш буынды моделін құру. Бұл адам құқығын қорғаудың жаңа үлгісі болмақ. Толығырақ Парламенттен тікелей эфирге қосылған тілшіміз тарқатады. 

Берік Көшербай тілші:
Қылмыстық процеске үш буынды модельді енгізу - Президент Жолдауында берілген тапсырманың бірі. Мәжілісте талқыланған Заң жобасында полиция, прокуратура және және сот құзыреті нақты жазылған. Яғни, полиция қылмыстарды анықтаумен, ашумен және дәлелдер жинаумен айналысады. Қылмыс пен кінәні дәлелдегеннен кейін істі прокурорға жібереді. Ол дәлелдемелер базасын, баптың дұрыс қолданылғанын тексереді. Түпкілікті үкімді сот шығарады. Бұл ретте прокурорлардың айыптау актілерін дайындау жөніндегі құзыреті кеңейтілген. Яғни, адамды күдікті деп тану, тергеу мерзімдерін өзгерту, істі тоқтату туралы шешімді тек прокурор заңдастырады. Ал электронды іс жүргізуді енгізу - процесті жедел әрі жеңіл етуге мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, үшбуынды модель – адам құқығын қорғаудың жаңа үлгісі және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесіне сүйенген халықаралық талап. Мәжіліс депуттатары Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Хабарламаларға жазылу