Астанада Иран Республикасының қолөнер бұйымдары көрмесі ашылды. Шара Иран Ислам революциясының 35 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Еуразия Ұлттық университетінде тұсауы кесілген көрмеде Иран елінің ұлттық бұйымдары қойылған.
Мыстан, күмістен құйылған ыдыстар, көздің жауын алатын өрнекті құмандар жұртшылықтың қызығушылығын арттырды. Әсіресе, түрлі әшекей бұйымдарды сақтайтын қобдишалардың жанынан қыз-келіншектер айналып кете алмады.
Себебі, ирандық шебердің қолынан шыққан бұл дүниелер өте жоғары сапада жасалған. Мұнан кейін қонақтар Иранның дәстүрлі музыкалық концертін тамашалады.
Горбан Сейфи, Иран Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
Қазақстан мен Иранның мәдени қарым-қатынасы жылдан-жылға нығайып келеді. Біз мұндай шараны жылда өткіземіз. Менің Қазақ елінде жүргеніме 4 жыл болды. Екі елдің ұқсастықтары көп. Әсіресе, сіздердің наурызды тойлау үрдістеріңіз қатты ұқсайды.
Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ