Министрлік: Ресей нөмірін таққан 80 мың көлік заңсыз жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Министрлік: Ресей нөмірін таққан 80 мың көлік заңсыз жүр

10.11.2021

Ресейлік нөмір таққан көліктерді жол ережесін бұзбаса тоқтатпайды деген ақпарды жұрт дұрыс түсінбеген. Ішкі істер министрлігі осы сұраққа қатысты мәлімдеме жасады. Әкімшілік полиция комитеті басқармасының басшысы Юрий Козловтың айтуынша, көрші елдің нөмірін таққан 80 мың көлік елімізде заңсыз жүр. Себебі бұл машиналар Ресейде де, Қазақстанда да тіркеуде жоқ. Бұл заңға қайшы. Елімізде емін-еркін жүріп-тұруы үшін құжаттарын заңдастыруы қажет. Ал 120 мың автокөліктің әлі бір жыл уақыты бар.

Юрий Козлов, ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқармасының басшысы:

Бүгінде Қазақстанда шамамен 120 мың ресейлік нөмірлі көлік жолда жүру заңына қайшы келмейді. Ол көлік иелері ел аумағында 1 жылға дейін кедергісіз жүре алады. Ал Ресейде есептен шығарылып, бірақ Қазақстанда тіркелмеген көліктің саны 80 мыңдай. Аталған көлік иелеріне жолда жүруге тыйым салынады. Олар жол-көлік заңын бұзып жатыр.

Жол ережісіне қатысты тағы бір ақпарат. Кеше елорда көшелерінде бір тәуліктің ішінде 700-ден астам жүргізуші ереже бұзған. Бұл қауіпсіз жол шарасы аясында анықталып отыр. Көбіне жүргізушілердің автокөлікті техникалық байқаудан өткізбегені анықталған. 16 адам тіпті мас күйінде көлік тізгіндеген. Заң бұзған 52 машина автотұраққа қойылды.


Хабарламаларға жазылу