Ақтауда жойқын жарылыстың салдарынан 2 қабатты ғимарат жермен-жексен болды. Төтенше оқиға жергілікті уақытпен кешкі сағат 21:30 шамасын болған. Оның күштілігі сонша, жақын маңдағы ғимараттарға да қатты зақым келді. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Өңірдегі тілшіміз Аягөз Оралбайқызы соңғы ақпараттарды баяндады.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Біз қазір оқиға орнындамыз. Жарылыс болған жерге жақын барып түсіруге мүмкіндігіміз жоқ. Өйткені айналаны қоршап тастаған. Ресми ақпаратқа сүйенсек, жарылыс 2 қабатты ғимаратта болған. Оның ішінде асхана, тігін шеберханасы, көлік жөндейтін орталық болған. Полиция қызметкерлері мен төтенше жағдайлар мамандарының айтуынша, ешкім зардап шеккен жоқ. Әйтсе де үйінді астын тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Жарылыс болған ғимарат - 29 А шағынауданда орналасқан «Шерқала» кешенінің бір бөлігі. Ауданы -100 шаршы метр. Ал жарылыстың аумағы 200 шаршы метрді құрады. Төтенше жағдайлар қызметкерлері мен полицейлерді қосқанда 220 маман оқиға болған жерді тексеруде.
Нұрсейіт Оразов, Ақтау қалалық Полиция басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
Осы ғимарат иесінің және жалға алушылардың айтуы бойынша, уақытылы есіктерін жапқан. Ішінде адам болмады деді. Тексеру жұмыстары жүргізілу барысында ешқандай жарақат алған немесе адам өлімі оқиғасы жөнінде ақпарат жоқ.
Ғимаратта бірнеше кәсіпкерлік нысан болған. Ондағы жұмысшылар кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыстан кеткен. Осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Жедел штаб құрылды.
Жандос Кенжебаев, Ақтау қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы:
Қазір біз жарылған затты анықтап жатырмыз. Авариялық-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Негізі ол ғимаратқа газ құбыры жүргізілген, бірақ әлі нақты айта алмаймыз. Біздің тарапымыздан экспертиза жүргізіледі.
Мамандар оқиға орнында 2 газ баллонын тапқан. Ғимарат иесінің айтуынша, үйінді астында тағы 2-еуі бар. Осыған байланысты ауаға газ таратудың салдарынан жарылыс болды деген алдын ала болжам жасалды.