Ауыл шаруашылығын субсидиялау тетіктерін жетілдіру керек. Олқылықтар субсидиялау бойынша нормативтік-құқықтық актілерге талдау жасағанда анықталды. Жалпы, саладағы өзекті проблемаларды шешу жолдарын ұсыну үшін арнайы жұмыс тобы құрылған. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады. Апта басында жемқорлыққа қарсы қызмет 2 қала мен 7 облыста шаруаларға бөлінген демеу қаржыны жымқыру фактілерін әшкерелеген. Субсидияға бөлінген ақшаны ұрлаумен айналысқан 30-дан астам адам ұсталған. Саланы жемқорлық жайлағанын Президент те айтты. Соңғы 5 жылда осы мақсатқа 2 триллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Мемлекет басшысы біріңғай бақылау мен маңызды нәтиже жоқ екенін атап өтті. Жауапты ведомство өкілдері жемқорлыққа жол бермеу үшін тиісті шара қабылдап жатырмыз дейді.
Төлеутай Рақымбеков, ҚР ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі:Ауыл шаруашылығы саласына көмек субсидия, несие ретінде қомақты қаржы бөлініп отыр. Бірақ, бөлініп отырған ақшаның тиімділігі бойынша сұрақ бар. Біз оны жасырмаймыз. Сыбайлас жемқорлықтың бір себебі, ережелердің жетіспейтін мәселері, заң жобаларындағы проблемалар. Осының тауар өндірушілдермен, қауымдастық басшыларымен бірге талқылап, осылардың бәріне жол бермеуге тырысамыз.
Берік Көшербай