Еуропа тағы пандемияның эпицентріне айналып барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропа тағы пандемияның эпицентріне айналып барады

05.11.2021

Еуропа тағы пандемияның эпицентріне айналып барады. Мұны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі мәлімдеді. Оның сөзінше, эпид ахуалдың қайта нашарлауына вакциналау науқанының баяу жүргізілуі себеп. Егер бұлай жалғаса берсе, ақпанға дейін «Қарт құрлықта» жарты миллиондай адам коронавирустың құрбанына айналуы мүмкін. Ковид жұқтыру әсіресе Румыния, Латвия, Ұлыбритания, Ресей, Украина мен Италияда көбейіп келеді. Ал Германияда екі күннен бері коронавирус жұқтыру көрсеткіші бойынша антирекорд орнады. Соңғы 24 сағатта 37 мыңнан астам адам инфекция жұқтырып, 154-і көз жұмған. Ал, оның алдындағы тәулікте 34 мыңға жуық адамнан ковид анықталған еді. Елдің кейбір бөліктерінде шектеу шаралары енгізіліп жатыр.

Макс Хеймерл, жергілікті округ комиссары:
Тұрғындардың барлығы не екпе алуы керек, не айналасындағылармен қарым-қатынасты шектеуі тиіс. Біз Баварияның оңтүстік-шығысында алғашқы шектеу шараларын енгізе бастадық. Мысалы, клуб, мейрамханалар және осы тәрізді көптеген орындарға тек вакцина салғандар ғана жіберіледі.

Ал Солтүстік Корея мектептерінде коронавирусқа қарсы шаралар күшейтіліп жатыр. Оқушылар сабаққа кірмес бұрын маска тағып, қолды жууға, дене қызуын өлшетуге тиіс. Сонымен қатар, дезинфекция жұмыстары жүргізіліп, сыныптан тыс шаралар көбейді. Балалар Пхеньяндағы оқушылар сарайында ән айтып, оркестрде ойнап, таэквандоға қатыса алады. Айта кету керек, бұл елде бірде-бір ковид жұқтыру дерегі ресми түрде жарияланған жоқ. Осыған қарамастан, карантин енгізіліп, шекара жабылып, қозғалыс шектелген. Яғни пандемия Солтүстік Кореяға да жетті деген болжам айтылып отыр.

Арай Төлегенқызы

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу