Түркістан облысында дауылдан 4200 абонент сусыз, жарықсыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында дауылдан 4200 абонент сусыз, жарықсыз қалды

05.11.2021

Кеше кешкісін соққан дауылдан Түркістан облысы Сайрам ауданындағы 7 ауыл жарықсыз қалды. Секундына 30 метр жылдамдықпен соққан жел бағандар мен баспана шатырларын қиратып, электр желілерін үзіп кеткен. Электр қуатының жоқтығынан бүгін 4 мыңнан астам абонент ауыз сусыз отырды.

Таңертең басталған ызғарлы жел, кешке қарай тіпті күшейіп кетті. Тозаңды дауылдан Сайрам ауданындағы көше шамдары орнатылған бірнеше бағана құлап, Ақбұлақ, Манкент, Құтарыс, Қайнарбұлақ, Ақсукент , Жібек жолы мен Қарабұлақ ауылдарында 200 метрдей электр желісі үзілді.
Сәуле Жүнісқызы, Ақсукент ауылының тұрғыны:
Су да өшті, газ да өшті. Үйдің бәрі суып кетті. Халықты қатты әбіржітті. Өзіміз қорқып та кеттік. Мұндай желден шатыр ұшты. Көшеде кетіп бара жатқанда жазым қылуы да мүмкін.
Электр желілерінде болған апаттан жеті ауыл округіндегі ауыз су тораптары амалсыз жұмысын тоқтаты. Бүгін апат салдарын жою үшін "Оңтүстік Жарық Транзит" мекемесінің 5 бригадасы жұмылдырылды. Олар 8 техниканың күшімен үзілген желілерді жалғап, сынған бағаналарды жаңартты. Түс қайта табиғат апатынан зардап шеккен ауылдардың барлығына жарық берілді. Ал ауыз су тораптары шетінен іске қосылуда.
Нұрлыбек Сәрсенбаев, Сайрам ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы:
 Электр қуаты әрі-бері ойнауына байланысты насостар күйіп кетуі ықтимал. Сондықтан қазірден бастап шетінен қосылып жатыр. Бүгін кешке дейін барлық ауылдарға ауыз су қосылып бітеді.
Дауылдан баспаналарының шатыры ұшып кеткен үйлердің нақты саны әзірге белгісіз. Апаттан ешкім жарақат алмаған.
Ғани Қалмаханов, тілші:
Кешегі дауылдың әсері әлі басылған жоқ. Желдің екпінімен аспанға көтерілген шаң топырақ тозаңды бұлт болып, төңіректі басып тұр. Сыртқа шығып жұтынсаңыз өңешті жыбырлатып, тынысты тарылтады.
Бүгін аймақта ызғарлы суықтың беті қайтып, күн жылына бастады. Синоптиктер алдағы он күнде жылы ауа райы сақталатынын айтады.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу