Түркістан облысындағы тойхана мектепке айналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысындағы тойхана мектепке айналды

04.11.2021

Түркістан облысы Келес ауданындағы зәулім салтанат сарайлары той-думан өткізуді доғарып, халыққа өзге қызмет түрлерін ұсына бастады. Олардың біреуі жаңа оқу жылынан бастап, мектепке айналса, тағы бесеуі бизнестегі бағытын өзгертті.

Кафенің тамақтану орнында қазір бүлдіршіндер білім алуда. Әр сыныпқа 24-25 оқушыдан жайғасқан. Сабақ өтетін бөлмелер кең әрі жарық. Балалар мұнда таңертеңнен кешке дейін сабақ оқиды. Мектептің арнайы автобусы оларды үйлерінен алып келіп, қайта апарып салады.

Мірахмет Байқожаев, мектеп меңгерушісі:
Түске дейін сабағын оқыса түстен кейін үй тапсырмасын және қосымша сабақтар жүргізеді. Оның графигін, кестесін жасап бергем. Себеп, 2 жыл бойына онлайн оқыған балалардың сауаты өте төмендеп кеткен. Қазір біз соны жоғары көтеруге әрекет етіп жатырмыз.

Бастауыш мектептің ашылуы орталықтағы білім ұяларының жағдайын едәуір жақсартты. Өйткені әрқайсысында оқушы саны мыңнан асып жығылатындықтан ғимарат тарлық ете бастаған-ды. Бастауыш сыныптарға арналған жаңа мектепте қазір 200-ге тарта шәкірт білім алуда. Алты сынып бар.

Ғани Қалмахан,  тілші:
Мынау тойхананың 250 адам еркін отырып, думандатып той тойлаған салтанат залы. Бүгінгі күні бұл жер денешынықтыру пәнін өтетін спорт сал ретінде қайта жабдықталуда. Енді шәкірттер мұнда футбол, волейбол, баскетболмен шұғылданатын болады.

Аумағы 3 жарым мың шаршы метр болатын ойын-сауық орталығында қазір білім беру талаптарына сай барлық жағдай жасалған. Келешекте білім ұясын негізі немесе орта мектепке айналдыруға әзірден қам жасалып жатыр.

Досжан Ескендіров, кәсіпкер:
 13 класс, тағы бір компьютер сыныбымыз бар. Түсте тамақ береміз балаларға, келер жылы киім, арнайы форма берсек деп жатырмыз.

Келесте пандемия басталғалы кәсіптері тоқырап, жабылып қалған тойханалардың жартысына жуығы қазір басқа кейіпте. Алып ғимараттар сауда үйлеріне айналып, тұрмыстық техника мен халық тұтынатын тауарлар сатуға көшкен.


Хабарламаларға жазылу