Ералы Тоғжанов: Екпеге екпін беру қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ералы Тоғжанов: Екпеге екпін беру қажет

03.11.2021

Алматыдағы эпидемиологиялық ахуал мен тұрғындардың денсаулығы қатаң бақылауда болуы тиіс. Бұл мақсатта жаппай вакцинацияны жүйелі ұйымдастыру қажет. Мегаполиске жұмыс сапарымен келген Премьер - Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов маңызды міндеттерді атап өтті. Сондай-ақ алып шаһардың экономикалық, мәдени дамуымен танысып, әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады.

Төрт ай «қызыл аймақта» болған Алматының «сары аймаққа» өтуі тұрғындарды қуантты. Десе де, қаланың денсаулық саласына жауапты мекеме басшыларымен жиын өткізген вице-премьер Ералы Тоғжанов, әлі босаңсуға болмайтынын ескертті. Мегаполистегі эпидахуалды тұрақтандыру үшін тұрғындарға екпе салу мәселесін жіті түсіндіру қажеттігі айтылды.

Ерлан Қиясов, Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері: 
Алматы «қызыл аймақтан» шықты екен деп талаптарды елемеуге болмайды. Мегаполистегі эпидемиологиялық ахуал Үкіметтің тікелей бақылауында. Себебі, қалада тұрғындар саны күн сайын көбейіп жатыр.Сондықтан вакцина салудың маңыздылығын түсіндіруді жалғастырамыз.

Елімізде 10 нақты ұлттық жоба белгіленсе, солардың ішінде – «Ұлттық рухани жаңғыру» да бар. Ералы Тоғжанов бастаған үкімет мүшелері алматылық зиялы қауымның бағдарламаға қатысты ой-пікірін тыңдады. Жиналғандар мәдени инфрақұрылымды дамыту, кино саласын ілгерілету және мемлекеттік тілде білім беруді жандандыру мәселелерін көтерді. Өз кезегінде вице-премьер айтылған тың ұсыныстардың ескерілетінін атап өтті.

Ерден Қажыбек, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы: 
Мемлекеттік тілді дамыту бүкіл өмірдің салаларында бұл «Рухани жаңғырудың» негізгі басты мақсаттарының бірі. Сондықтан осы бағытта ашық әңгіме болды. Бұрыннан қордаланып қалған мәселелер айтылды. 

Мегополистегі оқушылардың үш ауысыммен оқу мәселесі де өзекті. Қазір Алматыда жаңадан 12 600 орындық 8 мектеп салынып жатыр. Вице-премьер Саялы ықшам ауданында құрылысы жүріп жатқан білім ошағын аралады. Нысан жыл соңына дейін тапсырылуы тиіс.

Сондай-ақ Ералы Тоғжанов Алматыда әлем бойынша үздік білім беретін Де Монтфорт университетінің ашылуына қатысты. Бұл - тек алып шаһар үшін емес, отандық білім саласындағы толағай табыс. Оқу орнын ашу үшін британ инвесторлары 7 млн доллар құйды. Қаржы, құқық, бизнес саласында маман дайындайтын университетте оқытушылардың 70 пайызы Ұлыбританиядан келіп дәріс береді. Жыл сайын қазақ студенттері үшін грант пен шәкіртақы тағайындалады.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрінің Орынбасары: 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шет елдің жетекші жоғары оқу орындарын стратегиялық әріптес ретінде тарту бойынша міндет қойды. Соның бір орындалу бағыты деп қарастыруға болады. Де Монтфорт топ 200-ге кіретін Еуропаның алдыңғы университеттерінің Қазақстандағы филиалы деп есептеуге толық негіз бар.

Дарынды жастарды қолдау, бәсекелестікті күшейту арқылы еңбек нарығын дамыту - креативті экономикаға жасалған нық қадамдар. Осы ретте Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов соңғы 10 жылда осы салаға құйылған инвестиция көлемінің 4 есе өскенін атап өтті. Елімізде еңбекке тартылғандардың 3,5 пайызы немесе 310 мың азамат табысты жұмыс істеп келеді. Ендігі міндет - отандық эконимикадағы үлесін арттыру. Бұл бағытта Үкімет 2021-2025 жылдарға арналған креативті индустрияны дамыту тұжырымдамасын әзірлеп жатыр.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу