Елордада мектеп оқушылары арасында текболдан республикалық жарыс өтуде. Бұл - спорттың жаңа түрі және елімізде енді дамып келеді. Өзара ең мықтыларды анықтау үшін Нұр-Сұлтан қаласына 11 команда жиналды. Қазір олар әуесқой спортшы атанғанымен, келесі жылы кәсіби текболшы ретінде ел намысын халықаралық аренада қорғайды.
Текболды осыдан 7-8 жыл бұрын Венгриядағы екі әуесқой футболшы ойлап тапқан. Бір қарағанда үстел теннисіне ұқсайды. Тек футбол добымен ойнайды.
Қайрат Аханов, төреші:
Ережесі волейболдікіне ұқсайды. Допты үш рет соғып қайтаруға болады. Одан артық тигізген жағдайда ұпай қарсыласқа беріледі. Допты қолмен ойнауға болмайды. Кез келген дене мүшесімен допты қайтаруға болады. Екі немесе бір адам ойнай алады.
Халықаралық текбол федерациясы Қазақстанға осы ойынның 60-қа жуық арнайы үстелін тегін берген. Алғашқылардың бірі болып текбордты алған мектеп оқушылары біраз уақыт жаттығып, 7-11 сыныптағы ұлдар жарыста бас қосты. Ала допты ұршықша иіретін жасөспірімдер текболдың қыр-сырын тез меңгеріп алыпты.
Нұрасыл Ергеш, 10-сынып оқушысы:
Жаңадан Қазақстанға келіп жатқан спорт. Оның болашағы биік болады деп ойлаймын. Осындай жарыстар көбейсе, ойнағысы келетіндер көбейеді деп ойлаймын.
Бұл ойында жетістікке жету үшін жылдамдық, икемділік және стратегиялық ойлау қабілеті болуы керек. Командадағы екі адамның бір-бірін үнсіз түсінуі де маңызды. Елімізде спорттың осы түрін дамыту үшін текбол федерациясы да құрылған.
Қасымбек Абсаттар, Қазақстан текбол федерациясының менеджері:
Федерацияларды басқа қалаларда ашып, дамытып, ойыншыларды үйретіп, реферилерді көбейтіп, оларды Азия жарыстарына дайындап, Қазақстан атынан шығаруды ойлап отырмыз.
Бүгінде текбол әлем бойынша танымал спорт түріне айналды. Халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізілуде. Кейбір елдер спорттың жаңа түрін мектеп бағдарламасына да енгізбек. Себебі бұл өте қызықты және қолжетімді спорт түрі. Қазір оны олимпиадалық ойындар тізіміне қосу мәселесі де қаралып жатыр.