Ресейлік «Литературная газета» басылымының алғашқы редакторы, Антон Дельвиг атындағы «Сөз бен Отанға адалдық» сыйлығының иегерлері белгілі болды. Поэзия, проза, сатира және аударма сынды 10 номинация бойынша үздік шыққан ақын-жазушыларды марапаттау рәсімі Мәскеу қаласындағы Пушкин мұражайында өтті.
Мұндай құрметке лайық болған лауреаттардың арасында, өзге елдерден, тек жерлесіміз, белгілі ақын-жазушы Бақытжан Қанапиянов қана бар. Ол өзінің «Алма-яблоко» және «Лирика» атты орыс тіліндегі өлеңдер жинағы үшін «Күміс Дельвигке» ие болды.
Бұл кітаптарға ақынның өз жырларымен қатар, Абай, Шәкәрім, Мағжан және Міржақып өлеңдерінің аудармалары енген. Бақытжан Мұсаханұлының айтуынша, Қазақстан мен Ресейдің әдебиет саласында бұрыннан қалыптасқан байланысы, күні бүгінге дейін үзілген жоқ.
Бақытжан Қанапиянов, ақын, Антон Дельвиг атындағы «Сөз бен Отанға адалдық» сыйлығының иегері:
Махамбет пен Владимир Даль, Абай мен Пушкин, Олжас пен Андрей Вознесенский дегендей осылай тарих жалғасып келе жатыр. Сол енді «Күміс Дельвиг» алып, лауреат болдым. Бұл тек менің ғана еңбегім емес, бүкіл Қазақстанның еңбегі.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ