Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен қаладағы қоғамдық орындарды абаттандыру және көркейту жұмыстары қарқынды жүзеге асып келеді. Бүгінде мегаполистегі саябақтардың жалпы аумағы 800 гектардан асады. Алда іске асатын барлық жоба қоғамдық тыңдауға шығарылып, тұрғындардың ұсыныстары да ескеріледі.
Мегаполистегі халық саны артқан сайын серуендеп, тынығатын қоғамдық орындардың маңызы арта түсті. Осыны ескерген қала билігі тұрғындардың ұсынысын ескеріп, әзірленген жобаларды көпшілік талқылауына шығарып келеді.
Алмасхан Ахмеджанов, қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы:Жүрушілерге сәйкес келетін жобаларды жасап жатырмыз. Біз жан-жақты қарап жатырмыз. Біздің қаламыз негізінде өте жақсы қала. Сондай жұмыстарға сәйкес келіп тұр. 01:25
Қазір шаһарда жалпы ұзындығы 54 шақырымнан асатын, серуендеуге арналған 110 аймақ бар. Жоспарда тұрғындар тынығатын жолдардың санын бұдан ары арттырып, жаяу жүргіншілер жолағын маңызды нысандарға қосу көзделген.
Наталья Ливинская, қалалық жасыл экономика басқармасының басшысы:Қазіргі таңда Сәтбаев көшесінің бойындағы Республика алаңы, Оқушылар сарайы және Әуезов атындағы драма театр сияқты нысандарды бір-бірімен байланыстыратын жоба жасалып жатыр. Мақсат - тұрғындардың осындай тарихи маңызы бар ғимараттарды жаяу аралауына мүмкіндік жасау.
Қаланы көркейтуге жауапты басқарма басшылары мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысқан бас қосуда тұрғындар үшін ең өзекті мәселелер талқыланды. Іске асатын бірнеше жобада мүмкіндігі шектеулі жандардың, велосипедшілер мен жаяу жүргіншілердің мүдделері ескерілмек.
Қуан Нұрақын