Қаржы пирамидасына қатысты іс сотқа жолданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаржы пирамидасына қатысты іс сотқа жолданды

02.11.2021

Түркістан облысында «Индиго 24»- Evolution Corpоration» қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. 950 томнан тұратын істе пирамиданы құруға және оны басқаруға қатысы бар деген 26 адамға айып тағылған. Олар Алматы мен Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Түркістан облысының тұрғындары. Қазіргі таңда күдіктілердің бірі әлі іздестіріліп жатыр. Тергеу шараларына бес облыстың 30 тергеушісі мен 7 арнайы прокуроры қатысып, сарапшылар және аудармашылар тартылған болатын. Бір жылдан астам уақытқа созылған тергеу барысында айыпталушылардың бес өңірде тұратын екі мыңнан астам адамды алдап, миллиардтаған ақшаны алғаны толық дәлелденген.
Салтанат Қаракөзова, облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі: 
Көбінесе олар Түркістан облысы, Шымкент, Нұр-Сұлтан қаласының және Маңғыстау облысының тұрғындары жәбірленушілер ретінде танылған. Қылмыстық топпен жәбірленушілерге 3 млрд теңгеден астам залал келтірілген.

Батыс Қазақстанда да 400-ден астам адам «Лидер», «Алтын Тұмар», «Великое Будущее» қаржы пирамидаларына алданып қалды. Бұл ұйымдарды оралдық екі тұрғын құрып, жұрттан 63 миллион теңгені жинап алған. WhatsApp-та чат ашып, 7 күн ішінде 100 пайыздан асатын сыйақы аласыз деп, ақша салуды ұсынған. Ақша қолма-қол әрі банк картасы арқылы қабылданған. Қолға түскендер жазаға тартылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу