COP26 климаттың өзгеруі жөніндегі жаһандық саммиті өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

COP26 климаттың өзгеруі жөніндегі жаһандық саммиті өтті

02.11.2021

Қазақстан 2030 жылға қарай парниктік газ көлемін 15%-ға қысқартуға ниетті. Сол үшін жаңа Экологиялық кодекс қабылдады. Шотландияның Глазго қаласында COP26 климаттың өзгеруі жөніндегі жаһандық саммитке қатысқан Үкімет басшысы осылай деді.

Асқар Мамин әлем көшбасшыларын алдағы жоспарларымен таныстырды. Яғни, жаңартылатын табиғи ресурстардан алынатын энергия 15%-ға, ал, экологиялық таза көздерден өндірілетін энергия өндірісі 38%-ға артады. Сондай-ақ 2 млрд-тан аса ағаш отырғызылады. Әрі көмірден өндірілетін энергия үлесі 40%-ға дейін төмендейді. 2060 жылға қарай Қазақстан көміртекті бейтараптыққа қол жеткізбек. Осы мақсатта экономиканың барлық секторында реформа жасайтын стратегиялық құжаты әзірленіп жатыр. Саммит кезінде еліміз ормандар және жерді пайдалану декларациясына және жастарға білім беру міндеттемесіне қосылды.

Сондай-ақ Асқар Мамин Финляндия, Моңғолия, Қырғызстан, Латвия президенттерімен және Нидерланды, Үндістан Премьер-Министрлері мен АҚШ Президентінің климат мәселелері жөніндегі Арнайы уәкілімен кездесті. Қазақстан мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі үкіметтерінің климаттың өзгеруіне үн қату жөніндегі стратегиялық серіктестік және бірлескен күш-жігер туралы бірлескен мәлімдемесі қабылданды.

Нысаналы Ығыл

Хабарламаларға жазылу