Санда да, санатта да жоқ музей - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Санда да, санатта да жоқ музей

03.02.2014
Санда да, санатта да жоқ музей

Павлодар облысы, Қашыр ауданында 12 ауылдық округінің біреуінде ғана өз музейі бар. Бүкіл Байқоныс ауылының ескерткіштері, тұрмыс-салт құндылықтары, түрлі мұралары кәдімгі қарапайым тұрғынның ынта-жігерінің арқасында тарихи-ғылыми дерек ретіндегі сақталып қалған. Қазір ғылыми-танымдық қызмет атқаратын мекемеге айналды. Бірақ бұл музей әлі күнге дейін еш жерде тіркелмеген. Яғни, санда да, санатта да жоқ.
 
 Байқоныстағы музей осыдан төрт жыл бұрын ресми түрде ашылған екен. Ауылдық мәдениет үйінен ауқымды орын бөлініпті. Мұражай экспозициясы 100 жылдан аса тарихы бар ауылдың қалыптасу және даму кезеңін көрсетеді. Бір мыңға жуық жәдігерлер, құжаттар, фотоқұжаттар сақтаулы.
 
Ағыбай Құрманғазиев, Байқоныс ауылының тұрғыны
Музейге жиі келемін. Өткенді еске алып. Жас ұрпақтар бәрін білуі үшін айтып отырамын, олар келеді осында. Ата бабаларымыздан қалған мұра ғой. Соны білу керек жастар.
 
 Мұрағаттарды жинақтап, музейді ашуға ұйытқы болған - Балтабай Алдаңғаров. Ол енді жәдігерлердің тарихын зерттеп, оны жазбаша күйде қалдырып жатыр.    
 
Балтабай Алдаңғаров, музей қорын жинақтаушы:  
Үй-үйге барып, әңгімелесіп, өздеріне түсіндіріп айтып, олар түсіністікпен қарап, өздерінің керекзаттарын осы музейге өткізіп, біз оны тіркеп жатырмыз
 
 Байқоныстағы бұл мұражай жергілікті кәсіпкерлердің демеушілгі арқасында жұмыс істеп тұр. Өйткені, ресми тіркелмегендіктен бюджет тарапынан қаржы бөлінбейді. Ауылдың жаңа әкімі Қайрат Алтаев қазір музейді заңдастыруға құжаттар әзірлеп жатыр.
 
Қайрат Алтаев, Байқоныс ауылының әкімі:
Бүгінгі күнге дейін шешілмеу себебі, ол экспонаттардың құжаттарына арнайы мұражай ашудың жарғысы бар. Құжаттары бар. Соған сәйкес экспонаттарды жинауымызкерек. Соның талаптарына байланысты бүгінгі күні біз барлығын жинап, шешетін боламыз.
 
 Негізі бұл музейдің ғылыми-танымдық қызметі аса құнды болмақ. Өйткені, Байқоныс ауылының тарихы тереңде жатыр. Бұл жерде Абайдың әкесі Құнанбай болыс, Баянауылдың аға сұлтаны Мұса Шормановтардың қатысуымен қазақ елінің дамуына қатысты келелі жиындар өткен. Алты бірдей азамат екінші дүниежүзілік соғыста батыр атаныпты.
 
 
 
Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу