Ошақты ауылының тұрғындары өркениеттен тыс қалдық деп Ұлттық арнаға шағымданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ошақты ауылының тұрғындары өркениеттен тыс қалдық деп Ұлттық арнаға шағымданды

01.11.2021

Түркістан облысының Келес ауданындағы Ошақты ауылының тұрғындары өркениеттен тыс қалдық деп арнамызға шағымданды. Халықтың айтуынша елдімекенде жол мәселесі елу жылдан бері шешілмей келе жатқан түйткіл. Ал, ауыз суды түн жарымда береді. Ауыл тұрғындарының қиын тіршілігін әріптесім Айнұр Ақбаева көзімен көріп келді. Ошақты ауылының іргесіндегі 60 шақты үй орналасқан елдімекен тұрғындары жолдың нашарлығынан титықтап күн кешуде. Жаяу адам тұрмақ, көлікпен қатынауы қиын. Биліктен көмек болмаған соң, амалсыздан өздері тас төккізіп алыпты.
Әуелбек Ескенеұлы, Ошақты ауылының тұрғыны:
Көлік кірмейді бұл жерге, балалар жүре алмайды. Балаларды сүйреп, анау жаққа арқалап шығамыз. 
Жәнібек Сатеміров,  Ошақты ауылының тұрғыны:
Әкім ешқандай көңіл бөлмейді. Жол саламын деп уәде бергендеріне он жыл болды. Уәдеден тойып кеткенбіз. Өзіміз ақша жинап, тас төктік.
Жергілікті халық ауыз суды жылдап күтіп, әрең қол жеткізді. Су берілгенімен ұйқыдан қалды. Себебі, тіршілік нәрі түнгі үште ғана беріледі.

Каналдың суы тек күзде берілетін болғандықтан егін де шықпай қалған. Су сұрағандарға көрші ауылдың дөкейлері сес көрсететін көрінеді.
Халық шулаған соң тұрғындармен кездесуге ауыл әкімі де жетіп келді. Жұрттың базынасын тыңдаған билік өкілі проблеманың бәрі кезең -кезеңімен шешіледі деп, тұрғындарды сабырға шақырды. Жол мәселесін шешуге қаржы күтіп отырмыз деп ақталды.
Нұрмаханбет Нарғозиев, Ошақты ауылының әкімі:
Қазанға дейін жоспарлағанбыз, қаржысына қарап отырғанбыз. Бірақ қаржысы келіп жатқан жоқ қазір. Келсе мердігер компания келіп жұмысын бастайды. Қазір судың құбырлары шіріген. Соны ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірте-бірте күшейтіп, қайта қалпына келтіреді.
Халықтың қаржысына төселген тас-құм су құбырларын тартқан кезде топырақтың астында қалған. Сондықтан жаңадан жол төселгенше, ауыл тұрғындарына сол баяғыша белуардан балшық кешуге тура келеді.

Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу