Еліміздің жемқорлыққа қарсы қызметі бір күннің ішінде 30-дан астам адамды ұстады. Олар субсидияға бөлінген ақшаны ұрлады деген күдікке ілінгендер. Әрі көбі ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайтын аймақтық басқармалар мен ұйымдарда және облыстық әкімдіктерде жұмыс істеген. Қылмыстық топтарды әшкерелеу үшін бүгін Нұрсұлтан мен Шымкент қаласында және Шығыс Қазақстан, Ақмола, Түркістан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облысында бір мезетте ауқымды операция өткізілді. Ұсталғандардың дені өз кінәсін бірден мойындаған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі субсидиялау саласында кешенді талдау жұмыстары жүріп жатқанын хабарлады. 2 қала мен 7 облыста шаруаларға бөлінген демеу қаржыны жымқыру фактілері осы бағыттағы жұмыс аясында әшкереленді.
Шыңғыс Әлекешев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының көмекшісі:Олар субсидиялауға бөлінген қаражатты жымқырумен айналысқан. Сондай-ақ, кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара мен заңсыз сыйақы алудың жемқорлық схемасын ұйымдастырған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Заттай дәлделдер алынды. Қылмысқа қатысы бар 30-дан астам адам анықталды.
Берік Көшербай