Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына қарасты Ақөре ауылында дәрігерлік амбулатория жоқ. Тұрғындар медициналық көмек үшін шалғайдағы Керней ауылына қатынауға мәжбүр. Жолдың нашарлығынан жедел жәрдем уақытылы жете алмай, науқастар көз жұмған жағдай да болған. Ақөреде амбулатория қайта ашылады ма? Тілшіміз Руслан Нұрланұлы мәселенің мән-жайын анықтап көрді.
Майдаш Құсайынова - қант диабетімен ауырады. Үйіне ауылдағы мейірбикені екі күннің бірінде шақыртады. Мұнда еш жағдай болмаған соң, балаларын түгел қалаға көшіріп жіберген. Өзі денсаулығына байланысты көпқабатты үйдің ауа қысымына шыдамаған соң, ауылда жалғыз тұруға мәжбүр.
Майдаш Құсайынова, Ақөре ауылының тұрғыны:
Ауылда амбулатория жоқ. Медсестра шақыртамыз. Келеді, бірақ ол бірінші көмегін көрсетеді. Қолында барын береді. Көп нәрсе қолынан келмейді. Жедел жәрдем шақыртайын десем, жатып қалған нашар адам емессіз дейді.
Ауылда бұрын-соңды амбулатория болған. Ол 2020 жылдың екінші тоқсанында жабылып қалған. Бұрынғы мейірбике өзге маманның жоқтығынан 70 жасқа келгенше өз үйінің екі бөлмесінде қызмет көрсетіпті. Кейін зейнетке шығып, амбулатория жабылып қалған. Ал ең жақын дәрігер мен жедел жәрдем 25 шақырым жердегі Керней ауылында. Бірақ грейдердің 13 шақырымы жазда ой-шұңқыры шығып жатса, қыста қар басып қатынас үзіледі.
Ахметқали Жаңғожин, Ақөре ауылының тұрғыны:
Осында жол үшін өлім де болды. Бізде біржігіт Сауман Берікбаев деген, жүректен ауырып қалып, жол болмады. Қайтыс болып кетті.
Ауылға қазір жас маман келіп, осындағы 400-ге жуық тұрғынға қызмет көрсетіп жүр. Алайда шұғыл, күрделі көмек қажет жағдайда медициналық талапқа сай амбулатория болуы тиіс.
Гүлмира Жұмақаева, аудандық аурухананың бас мейірбикесі:
Бөлек ғимарат болмай тұр. Оның алдында бір ғимарат көрсетіп еді, оның құжаттары дұрыс емес. Оған төлеу керек. Енді жаңа сөйлестік, құжатын дайындадық дейді. Бәрін көрейік біз. Басшылықпен ақылдасамыз.
Осылай берілген сырғыма уәденің соңы сол беті жауапсыз қалды дейді тұрғындар. Ал жолды асфальттау үшін 650 миллион теңге қажет. Аудан бойынша осындай нашар 38 жол болғандықтан, күтіп ұстауға ғана қаражат қаралып келеді дейді жергілікті билік. Келесі жазда тек бірнеше жыл бұрын су шайып кеткен көпір ғана қалыпқа келтірілмек.
Руслан Нұрланұлы