Қызылорда: Эдельвейс саяжайы ұзақ жылдардан бері өркениеттен шет қалған ауылдың күйін кешіп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда: Эдельвейс саяжайы ұзақ жылдардан бері өркениеттен шет қалған ауылдың күйін кешіп келеді

26.10.2021

Қызылорданың орталығында орналасқанымен, «Эдельвейс» саяжайы ұзақ жылдардан бері өркениеттен шет қалған ауылдың күйін кешіп келеді. Тұрғындар әлі күнге дейін ауыз суды тасып ішіп, үйін от жағып жылытып отыр. Қоғамдық көлік те қатынамайтын мекенде бүгінде 100-ге жуық отбасы тұрады. Қарашаның базынасын тілшіміз Әділбек Серікұлы тыңдап қайтты.

Әділбек Серікұлы, тілші:
Облыс әкімдігінің ғимараты мен «Эдельвейс» саяжайының арасын тек Сырдария өзені ғана бөліп тұр. Арғы бет толықтай инженерлік инфрақұрылыммен қамтылған. Ал бергі беттегі халық қанша жылдан бері жергілікті билікке мойын созғанымен жырақта қалғандай өмір сүріп келеді.

Сол жағалауда орналасқан саяжай тұрғындарын, әсіресе, ауыз су мәселесі қатты қинап тұр. Көптің талап-тілегімен былтырдан бері су таситын көлік әр үйге тіршілік нәрін жеткізуде. Бірақ, оның сапасы сын көтермейді.

Бақыткүл Шерниязова, тұрғын:
Бұл Эдельвейс деген кеше ғана құрылған жер емес бұл жер. Кеңес Үкіметінен бар жер бұл. Аптасына бір рет водовозбен су келеді. Ол суды мүлдем ішуге де жарамайды. Алаңсыз екі күннен кейін сарғайып кетеді. Амал жоқ ішіп отырмыз. Онда да көше суаратын полевалка ма сондаймен тасып береді.

Эдельвейс саяжайында қордаланған мәселе көп-ақ. Жылдан жылға халық саны өсіп келе жатқан мекенге табиғи газ тартылмаған. Марат Серәлиев биыл қатты отын тапшы болған соң көмірді қаппен сатып алуға мәжбүр.

Марат Серәлиев, тұрғын: 
Қазір мына 21 ғасырда жан-жағымыздағы ауылдардың өзінде газ бар, су бар. Осы өзіміз жұмыста жүреміз. Кейде бала-шағамыз от жағады. Содан қорқып отырамыз.

Бұрын саяжай ретінде көрсетілген аумақтарға бүгінде халық тұрғылықты қоныстанып, қазір әрқайсысы қаланың бір мөлтек ауданына айналды. Былтыр солардың бірқатары шаһардың бас жоспарына енген. Енді жергілікті әкімдік өзекті мәселелерді шешу жолдарын қолға алуда.

Біржан Далабаев, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы: 
Бас жоспарға енгенімен бұл аумақтар бағбандық жер телімі болып енген. Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес ол тек маусымдық тұруға ғана бағытталған. Дегенмен тұрғылықты тұрғындардың жағдайын ескере отырып, қазіргі жоба-сметалық құжаттарын әзірлеу жұмыстары жүріп жатыр. Жоба толық әзірленіп болғаннан кейін әрі қарай тиісті ұсыныстар беріледі.

Жоба мақұлданып, тиісті қаржы қаралса ең алдымен ауыз су, жол және электр желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. Әзірге, Эдельвейс тұрғындары қала деген аты болмаса, өркениеттен шет қалғандай өмір сүруде.

Әділбек Серікұлы 


Хабарламаларға жазылу