Елде органикалық өнім өндіру мүмкіндігі пайдаланылмай отыр. Алайда бұл мәселе көптен бері мемлекеттің іске асыруы тиіс негізгі бағдарламаларының қатарында. Бүгін Сенат салаға тосқауыл болып отырған жайттарға тоқталды. Табиғи таза өнім өсіріп, оны сыртқа өткізу үшін қолданыстағы заңды жетілдіру керек.
Нысаналы Ығыл, тілші:
Алдымен органикалық өнімнің айналымын айтпай тұрып, оны өндіруге елдің әлеуеті жете ме? Өйткені ғылымсыз ол мүмкін емес. Ал өнім көлемін арттыру үшін жаңа технологияларды енгізу керек. Бүгінде Қазақстанда тек 60 кәсіпорын ғана аталған тауарды экспорттайды. 350 мың гектардан астам жерден органикалық өнім алынады. Бұл егіс алқаптарының 1 жарым пайызы ғана. Иә, әзірге мәселе күрделі. Бірақ толық еңсеруге болады екен. Сенаттың жұмыс тобы органикалық өнім өндіру және оның айналымы туралы заңға түзету енгізіп жатыр. Яғни сертификат беру ережелері бекітіліп, қолайлы инфрақұрылымдық жағдай жасалады. Осылайша жалпы саны заңға 9 өзгеріс енгізілмек. Сөйтіп синтетикалық тыңайтқыштар мен химиялық қоспасыз өнім түрлерін көбейтуді көздеп отыр. Тіпті экспорт көлемін қазіргіден 100 есе арттыруға мүмкіндік бар.