Ақын өтті өмірден... - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақын өтті өмірден...

24.01.2014
Ақын өтті өмірден...

Қазақ поэзиясы ауыр қазаға ұшырады. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық жазушысы, қоғам қайраткері, көрнекті ақын Фариза Оңғарсынова 75-ке қараған шағында дүниеден өтті.

 
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ақынның қайтыс болуына байланысты туған-туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
 
Жеделхатта «Оның қаламынан төгілген нәзік те отты жырлар әрдайым халқымыздың жан-жүрегін еріксіз баурап алатын. Оның өлеңдерінен өзіне тән өр мінезі, өршіл рухы, адам жанына терең  үңіліп, соны таңғаларлықтай шеберлікпен аша білетін қуатты талант тегеуріні айқын сезіліп тұратын. Сондықтан да, Қазақстан халқы ақиық ақын, тамаша журналист және еліміздің көрнекті қайраткерін ерекше қадірледі», делінген.
 
Заманның заңғар сөз зергері соңында өшпес із қалдырды. Жыр маржанын терген Фариза Оңғарсынованың соңында өлмес сөзі қалды, әлі талай ұрпақ жатқа айтар жыры қалды. Поэзия падишасының жарқын бейнесі мен жауһар жырлары халықтың жүрегінде мәңгі сақталады. Алаш жұрты жасындай жарқыраған жыр-ғұмырдың қазасын аза тұтуда.
 
Әбіш Кекілбаев, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекет және қоғам қайраткері:
Фариза өмірінің соңғы күніне дейін өмір үшін ерлікпен арпалысты. Жайық бойын аралап келген ақын Қазақстанның түкпір-түкпірінде болды. Қай жерге барса да, халқы оны төбесіне көтеріп қадірлейтін, ерекше жақсы көретін. Ізбасарлары Фаризаның ұлы тұлғасы туралы толғанып, әлі де халқына оның ұлы болмысын ашып көрсетеді деп сенемін.
 
Нұрлан Оразалин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚР Жазушылар одағының төрағасы:
Өмірден талантымен, дүниетанымымен, қайталанбайтын өршіл мінезімен өлеңді өлшеусіз биікке көтерген ақын өтті. Фариза Оңғарсынова қазақ әдебиетін, көркем сөзін әлемдік кеңістікке көтерген ақын еді.  
 
 
Бибігүл ҒАДІЛБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу