Қазақ поэзиясы ауыр қазаға ұшырады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ поэзиясы ауыр қазаға ұшырады

24.01.2014
Қазақ поэзиясы  ауыр қазаға ұшырады
Қазақ поэзиясы орны толмас ауыр қазаға ұшырады. 23 қаңтарда  Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық жазушысы, қоғам қайраткері, көрнекті ақын Фариза Оңғарсынова 75-ке қараған шағында дүниеден өтті.
 
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ақынның қайтыс болуына байланысты туған-туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Жеделхатта «Оның өлеңдерінен өзіне тән өр мінезі, өршіл рухы, адам жанының терең қалтарыстарына жіті үңіліп, соны таңқаларлықтай шеберлікпен аша білетін қуатты талант тегеуріні айқын сезіліп тұратын», делінген.
 
Соңында өшпес із қалдырған ақын қазақ әдебиетінің дамуына үлкен үлес қосты.
 
Алғашқы өлеңдері республикалық баспасөз беттерінде 1958 жылы жарық көрді. «Сандуғаш»,  «Тыңдаңдар, тірі адамдар», «Сайраған Жетісудың бұлбұлымын» деген өлеңдері жырсүйер қауымның жүрегінен ойып тұрып орын алды.
 
Қазақ қызының табиғатына тән ұстамдылықпен,  адалдықпен поэзияның шыңына шықты. Жыр жүйрігі Мұқағали «Фариза қыз...», деп өлеңге қосты. Соңынан ерген ізбасарлары «Фариза апа», деп ән арнады. Ақын қыздың есімі көзі тірісінде-ақ, осылайша, аңызға айналды.
 
Фариза Оңғарсынованың соңында  өлмес сөзі қалды. Әлі талай ұрпақ жатқа айтар жыры қалды. Поэзия падишасының жарқын бейнесі мен жауһар жырлары халықтың жүрегінде мәңгі сақталады. Жасындай жарқыраған жыр-ғұмырдың иесін Алаш жұрты ешқашан ұмытпақ емес.
 
Оңайгүл Тұржанова, «Тұмар» журналы бас редакторының орынбасары:
Өте қасиетті кісі еді. Сонысымен көпшілікті баурап алатын. Еркелеткені «айналайын», деген сөзі болатын. Кейде ұрысып та алатын. Ауырып жатқаны жанымызға батып еді. 
 
Шынар АСАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу