Шымкентте заңсыз саудамен күрескен полицейлердің басы дауға қалды. Қаладағы «Қырғы базар» аумағында рұқсат етілмеген орында жаңғақ сатып отырған әжейді тәртіпке шақырмақ болған полицейлердің өзі тәртіптік кеңестен бір-ақ шықты. Кеңес мүшелері оқиға куәгерлері түсірген бейнежазбаны саралай келіп, Ішкі істер қызметкерлері дөрекілік көрсетті деген қорытындыға келді. Кеңеске заңсыз саудаға жол берген әжей де шақырылды.
Кейуана «тәртіпке мойынсынбаған өзім айыптымын, полицейлерге артар титтей де кінәм жоқ» деп кесіп айтты. Алайда мұның өзі тәртіп сақшыларын жазадан құтқара алмады. Олар әжейдің өтініші бойынша телефонын пайдаланып, ұлымен сөйлескені үшін айыпты саналды.
Фатима Бекенова, қала тұрғыны:
Негізі базардың ішінде сатуым керек еді. Мен ертерек бола қояйын деп, өзімше базар сыртына орналастым. Өзім кінәлімін.
Алмас Әмізеев, Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары, Тәртіптік кеңес төрағасы:
Полиция департаменті тәртіптік комиссияның шешіміме сәйкес, полиция қызметкері Мүлкібаев Жұлдызбекке қызметіне толық сәйкес еместігі жөнінде, ал Тұрмағанбетов Дәуітке ескерту жарияланды. Себебі аталған қызметкерлер тарапынан Әдеп кодесінің талаптары бұзылған.
Ғани Қалмаханов