Қазақстанда қысқы доңғалақтар тапшы болуы мүмкін. Қазірдің өзінде көптеген көлік иесі шинаның кей өлшемдерін таппай жүр. Қат тауардың бағасы да өсіп келеді. Дефицит мәселесі елімізге шина әкеліп сататын барлық компанияға ортақ. Толығырақ әріптесім Берік Көшербайдың репортажында.
Тимур Төлегенов темір тұлпарына шина таппай жүр. Елорда тұрғыны биыл жеңіл автокөлігінің 4 доңғалағын да жаңалауды жоспарлаған. Ақшасы дайын, алайда іздегені жоқ.
Тимур Төлегенов, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:Егер доңғалақ таппай қалсақ қыста жүру қиын болады. Әртүрлі салдары болуы мүмкін, апат дегендей. Сондықтан, алдын ала қамдану керек болып жатыр. Бірақ, жағдай қиын сияқты. Өйткені, біраз жерде дефицит. Ресейде де дефицит деп естідік.
Елімізде шина сатумен айналысатын 5-6 үлкен дистрибьюторлық компания бар. Олар жыл сайын Қазақстанға тек автодоңғалақтың 4 миллион данасын импорттайды. Мамандардың айтуынша, соңғы уақытта Қытайдан тауар жеткізу қиындап кетті. Мысалы, мына компанияның шина салған 180 контейнері шекарада тұрып қалған.
Ерғали Райымқұлов, шина сату компаниясының басшысы:Бұрынғы уақытта 1-1,5 айда келетін болса, қазір 6-7 айға созылып жатыр және де Қытай теміржолының жаңа талаптары бойынша әр контейнерді дезинфекциялау, басқа жұмыстар жасау керек. Оның бәрі қосымша шығын. Енді бұрын 2,5-3 мың АҚШ долларға келетін контейнер құны қазір 3-4 есеге өсіп кетіп жатыр.
Шиналардың жетіспеушілігіне пандемияның да әсері бар. Әлемдегі ірі зауыттар, шектеулерге байланысты жұмысын тоқтатып, әлі күңге дейін бұрынғы өндірістік қуатына жетпеген. Көрші Ресейде де шина өндіретін кәсіпорындар бар. Бірақ, олар алдымен өз нарығын қамтуы тиіс.Солссебепті Қазақстанға жіберілетін көлемді 30-40 пайызға азайтқан.
Сапарбай Жұбаев, экономист:Пандемия кезінде халық өзінің қаражатын үнемдеп, тамаққа жұмсады да, көп нәрсеге сұранысты кейін шегерді. Яғни, бүгінде сәл еркіндікке шыққаннан кейін біз көлікті, шинаны іздей бастадық. Алдыңғы жылы ауыстыратынның бәрін енді істеп жатырмыз. Шегерілген сұраныс деген де бар. Ол дегеніміз, тезірек әрекет етіп, көбірек ақша жұмсаймыз. Ал сұраныс көбейгеннен кейін, әрине баға көбейеді.
Соңғы бір жылда Қазақстанда шина 30 пайызға қымбаттаған. Дилерлік компаниялар баға әлі де 5-10 пайызға өсуі мүмкін деп отыр. Көптеген көлік иесі қысқы доңғалақты қар түсіп, көктайғақ басталғанда іздейді. Сол кезде ортадағы алып сатарлардың қоятын бағасы қандай боларын болжау қиын.
Берік Көшербай