Зағип жандар Кеңес үкіметі тұсындағы кітаптарды оқуға мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зағип жандар Кеңес үкіметі тұсындағы кітаптарды оқуға мәжбүр

22.10.2021

Еліміздегі зағип жандар үшін қазіргі заманғы қазақ ақын-жазушыларының шығармалары қолжетімсіз. Себебі арнайы баспахананың жоқтығынан отандық қаламгерлердің еңбегі Брайль қарпімен жарық көрмеген. Салдарынан қазір түркістандық көз жанарынан айырылғандар Ленинді мадақтаған өлеңдерді оқуға мәжбүр. Өңірлік тілшіміз Айнұр Ақбаева мүмкіндігі шектеулі жандардың базынасын тыңдап қайтты.

Түркістандық зағип жанның бірі Ержан Ибрагимовтың 21-ші ғасырда Ленинді мадақтаған өлеңді оқып отыруы көпшіліктің таңданысын туғызары анық. Алайда облыс орталығында зағиптарға арналған жалғыз кітапханада қазақ тілді санаулы туындының бірі осы. Көпшілігі Кеңес үкіметінің тұсында жарық көрген. Мүмкіндігі шектеулі жандардың заманауи туындылармен танысқысы-ақ келеді. Алайда елімізде Брайль қарпімен кітап шығаратын баспаханалар жоқтың қасы.

Ержан Ибрагимов сынды зағиптар мен көзі нашар көретін жандар елімізде 100 мыңға жуық. Оның 8 мыңы - оқушы. 33 мыңдайы мамандандырылған кітапханаларға тіркелген. Қазір олар кеңес үкіметі тұсындағы орыс тілді кітаптарды оқуға мәжбүр. Осыны ескерген Мәжіліс депутаттары алдағы 3 жылдық бюджетті бекітерде баспахана салу ісінің тағы жоспарға енгізілмегенін айтып қынжылды.

Мақпал Тәжмағамбетова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Әр жолы сіздер зағиптардың мемлекеттік және заманауи тілдердегі әдебиеттерге толыққанды қол жеткізу үшін дербес мамандандырылған баспахана ашу қажеттігін айтып келдіңіздер. Алайда барлық кезде де шешім қабылдау кейінге ысырылып келеді. Үш жылдық бюджетте қаражат көзделмесе, енді бұл мәселені қашан шешесіздер?

Нұрғиса Дәуешов, ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары:
Бедерлі нүктелі шрифтті баспахананы ашу бойынша қазіргі таңда шет мемлекеттердің тәжірибесі зерттелді. Оған арнайы осы саланың мамандары 22-24 жылдардағы бюджетті нақтылау кезінде ұсыныс береміз.

Мамандар мұндай әдебиетті шығаруға кез келген кітапхананың мүмкіндігі жоқ екенін айтады. Өйткені шағын принтерлер көп тиражбен кітап басуға арналмаған. Мәселен, 300 беттік кітап, Брайль әдісімен 1300 бетке басылып шығады. Ал, жарық көрген санаулы шығармалар оқырмандарға толық жете бермейді. Ал оған дейін зағип жандардың сол Кеңес заманындағы оқулықтарды оқи беруіне тура келеді.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу