Біреудің атынан несие алатын «онлайн алаяқтар» көбейген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Біреудің атынан несие алатын «онлайн алаяқтар» көбейген

22.10.2021

Алаяқтар жұртқа миллиондап онлайн несие рәсімдеуді тоқтатар емес. Жұрт ірі сомадағы қаражатынан қағылып, көпшілігі қарызға батып жатыр. Полицейлер мен қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне осы бойынша арызданушылар көбейген. Азаматтардың қаржылай сауатсыздығы мен сенгіштігі оларды сергелдеңге түсіріп отыр дейді тәртіп сақшылары. 

Рүстем табан асты тақырға отырды. Ол «Халық банкке» бір мезетте 3 млн теңгедей қарызгер болып шықты. Алаяқтар банктің техникалық бөлімі қызметкері ретінде хабарласқан. Жеке бас мәліметтеріне қанық. Сөйтіп оның атына 600 мың теңге несие рәсімдегелі жатқанын ескертіп, мәселені реттейміз деген. Артынша 2 млн 800 мың теңге мақұлданды деп SMS келіпті. Келісімшартта көрсетілген нөмірмен байланысса, ол да жапа шегуші екен.

Рүстем Темірболатов, қала тұрғыны: 
Ол нөмір басқа қыздыкі болып шықты. Оралда тұрады екен. Соның нөмірін пайдаланып,  алаяқтар хабарласады екен. Банкке хабарластым, иә сіздің атыңызға несие аударылды деді. Ол алаяқтар болуы мүмкін, қазір картаңызды бұғаттауға қоямыз деді.

Әдетте жұрт микроқаржылық ұйымдар арқылы тұзаққа түсетін. Енді екінші деңгейлі банктерден де қоңырау шалу тыйылмай тұр. Арнайы агенттік өкілі ондай онлайн алаяқтық жиілегенін жеткізді. Арызданушылар аз емес. Бірақ зерттей келе, адамдардың алдануына аңғалдығы тікелей сеп дейді.

 Мәди Сарбупин, «ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі» РММ Нұр-Сұлтан қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының бас маманы:
Біздің азаматтарымыз, біріншіден, өзі туралы ақпаратты береді. Яғни ол қарызды рәсімдеуге мүмкіндік береді. Өздері туралы деректерді айтып, биометриялық тексерулерді жүргізіп және банк жіберген SMS-кодтарын жариялап қойып жатады.

Мұны Ішкі істер министрлігі де теріске шығармады. Банк өкілдері кейпіне енгендер азаматтарға телефон шалып, шотындағы күмәнді операциялар туралы баяндайды. Сосын заңсыз ақша аударымына тосқауыл қою үшін картаның нөмірі мен 3 таңбалы кодын сұрайды. Бірақ Рүстем бұл жолғы алаяқтар ештеңе сұрамай-ақ қалтамды қағып кетті дейді. Сонда банктің киберқауіпсіздігі қайда деп еріксіз таңданып отыр.

Рүстем Темірболатов, қала тұрғыны: 
Менің таңғалып тұрғаным, фото болған жоқ, видео фиксация болмады. Код та келмеді. Сосын маған алдында 1 млн-нан артық сізге несие бере алмаймыз, сізде жалақы аз деген.

Қайткенде де интернет-алаяқтық өршіп тұр. Үш айда ішкі істер органы 7 мыңға жуық қылмыс тіркеген. Мысалы, Солтүстік Қазақстанда құжат көшірмелерін пайдаланып, 50 онлайн-несие рәсімдеген пысықай ұсталды. Ал құжаттардың жоғалғаны туралы әлеуметтік желіде жарияланған.

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу