Стамбулда үш күнге жоспарланған Түркі кеңесінің «Тұғырлы тарихы бар жарқын болашақ» тақырыбында медиафорум басталды. Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған бейнежолдауында шара қатысушыларына сәттілік тіледі. Қазақстандық делегацияны Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев бастап барды. Медиафорум Түркі тілдес елдер арасында ақпарат алмасуды жетілдіру, дезинформациямен күрес және кино-телехикая өндірісінде бірлесе жұмыс істеуге арналған. Бүгін Ыстамбұлда басталған Түркі кеңесінің медиафорумында осы мәселелер талқыланды. Шараға Түркия, Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан сияқты елдерден 500-ге жуық делегат қатысып жатыр. Алғашқы сессияда сериалдар өндірісін жолға қою және тәжірибе алмасу мәселесі сөз болды. Бұл ретте «Қазақстан» телерадио корпорациясының Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай бірлескен өнім өндіру арқылы, тарихи ортақ тұлғаларды түркітілдес елдерге кеңінен танытуды ұсынды. «Qazaqstan» телеарнасы телетуындыларды шетелдік нарыққа шығара бастады. Яғни, Ұлттық арна өнімдері АҚШ, Канада, Ұлыбритания, ТМД елдерінде өз аудиториясын тауып отыр. Осы бағытта Ләззат Танысбай тәжірибе алмасуға және бірлесе телеөнім өндіруге шақырды.
Ләззат Танысбай, «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы:Өндіріс бойынша да бірлесе жұмыс істеуге шақырамын. Мысалы біз биылғы жылы түркі әлеміне ортақ тұлға – «Қорқыт ата» туралы сериал өндіруге кірістік. Қазір сценарийі жазылып жатыр, келесі жылы түсірілім жұмыстары басталады. Бұл тек бізге емес, Түркия, осында отырған Әзірбайжан, сондай-ақ Өзбекстанға ортақ тұлға. Егер жобаға атсалысамыз деп қызуғышылық танытсаңыздар, қосымша талқылауларға дайынбыз. Біздің тарихи тұлғаларымыз сіздің аудиторияға, сіздердікі керісінше біздің көрерменге қызық болмауы мүмкін. Сондықтан алдын ала талқылап, баршамызға ортақ тұлғаларды таңдап, сол бағытта жұмыс істеуге шақырамын.
Нысаналы Ығыл