Атырау облысына 200-ден астам дәрігер керек. Әсіресе, өңірге қарасты Қызылқоға ауданының халқы хирург, анестезиолог, реаниматор, лор сынды білікті мамандарға мұқтаж. Қазір аудандық ауруханада жоспарлы операциялар жасалмайды. Жауаптылар тапшылықтың кесірінен дерті дендеген науқастарды облыс орталығына санавиациямен тасымалдауға мәжбүр.
Дәмеш Есқуатованың шалғай ауданда дәрігер болып еңбек етіп жүргеніне 48 жыл. Зейнеткерлікке шыққанына 15 жылға жуықтады. Әлі қызметте.
Дәмеш Есқуатова, Қызылқоға аудандық ауруханасының жалпы тәжірибелі дәрігері:Осыған келісім берген кезде мен ойлап едім, жазда жас мамандар келеді, содан кейін учаскеден мен кетемін деп. Учаскелік дәрігерлер жетпегесін, амал жоқ, осында жұмыс жасап жатырмын.
Аудандық ауруханаға хирург, анестезиолог, неонатолог, реаниматор сияқты 10-нан астам дәрігер керек. Реаниматолог жалғыз. Оның өзі Теңіз кенішінде вахталық әдіспен жұмыс істейді. Маман тапшылығы қызмет сапасын ақсатты. Қыруар қаржыға сатып алынған құралдар шаң басып босқа тұр. Мәселен, құны 29 млн теңгелік операцияға арналған құрылғының қосылмағанына ай асты.
Жандос Темірғали, тілші:Мұнда операция соңғы рет қыркүйек айының ортасында жүкті әйелге жасалған. Ол кезде аурухана басшылығы анестезиолог дәрігерді өзге ауданнан шақыртуға мәжбүр болған.
Жағдайы нашарлаған науқасты мамандар санавиация арқылы облыс орталығына жіберуге мәжбүр. Соңғы 9 айда 70-тен астам шақырту болған. Оның басым бөлігі тікұшақ арқылы. Әр қызметтің құны орташа есеппен 1 млн теңгеге жуық. Ал, дерті дендеген тұрғын портал арқылы облыс орталығына жіберіледі. Солардың бірі - Жолан Маңғұров.
Қызылқоға ауданында 30 мыңға жуық тұрғын бар. Диспансерлік тізімде 12 мың науқас тұр. Олар үшін биыл екі дәрігер келген. Бірақ, 5 маман білімін жетілдіру мақсатында оқуға кетті.Қазір, дәрігерлерге деп салынған 4 үй бос тұр. Ал, облысқа биыл 70 дәрігер келді. Оның 30-ы аудандарға бөлінді. Бұл әлі де болса аз. Өйткені, өңірге тағы да 200 маман керек.
Қайсар Әбдәлиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:Марат Оспанов атындағы Ақтөбе медициналық университетінің филиалы ашылды деп жоспарлануда.Сол филиал ашылғаннан кейін осы өңірге 40 резидент дәрігерлер келетін болады. Ол да бізге үлкен көмек болады. Сол арқылы кішкене кадр тапшылығы мәселесін төмендетеміз деп ойлаймыз.
Жауаптылар Қызылқоға ауданына жыл соңына дейін хирург тауып береміз деп отыр. Ал, реаниматолог Теңіз кенішіндегі жұмысынан шығып, қазанның ортасынан бастап, түбегейлі ауруханадағы қызметіне кіріспек.
Жандос Темірғали