Шардара су айдынын жалға алған кәсіпкерлер, теңізден балық аулап тынығуға келгендерді тығырыққа тіреп тастады. Олар өз беттерінше қисынсыз талаптарды енгізіп, әуесқой балықшылардың адымын аштырмай отыр. Айтқанын орындамағандардың аулаған балығын тартып алып, шетінен айыппұл салуға көшкен.
Шардарадан балық аулау үшін қашаннан бері қомақты қаржы төлеу қажет. Бірақ сұрағанын беріп, шығынданғаныңмен ауға түк ілінбейді. Өйткені қожайындар теңізді айналдыра қытайлық торлармен қоршап тастаған.
Тағабай Мұзаппаров, балықшы:Мысалы бұл жерде 10 балық біздің шылашынды жеп кетсе, бір балық түсуі мүмкін. Жүгері шашамыз іште жүрген балықтарға пайдалы біздің істеп жатқанымыз. Ал бірақ бұл жерге сетка қояды. Оған рұқсат береді. Ал бізге 300 метрден артық баруға рұқсат жоқ.
Наразы топтың айтуынша теңізге қожайындық жасап жүргендер күн бойына балықшылардың тынышын алатын көрінеді. Әр екі сағат сайын моторлы қайықтарымен жағалауға жақын жүзіп, қармақтарын қиратып кетеді. Жұртты ашындырған тағы бір жәйт қаншама қаржы жиналса да жағалауда балық аулаушыларға мүлде жағдай жасалмаған. Су айдынына демалыс күндері тынығып, балық аулауға 200-ден астам адам жиналады.
Оразәлі Мұратов, балықшы:Ақша қайда кетіп жатыр? Жағадағылар 2,5 мың, қайықтағылар 5 мың береді. Қайда кетіп жатыр. Бір күнде кем дегенде 50 қайық түседі. 5 мыңнан есептеші. Қарапайым арифметика.
Су айдынынан балық аулау үшін берілетін рұқсат қағазының өзі күмәнді. Жағалаудан 300 метр әрі асуға болмайды деген талап қолмен жазылған. Төленген ақша үшін ешқандай кассалық түбіртек берілмейтіні тағы бар. Бірақ мұны су пайдаланушылар түсіндіріп бере алмады.
5 миллиард текше метрдей су жиналатын Шардара теңізінің үсті бірнеше су пайдаланушыға бөліп берілген. Егер су пайдаланушылармен ортақ келісімге келе алмаса балықшылар олардың үстінен құзырлы орындарға шағымданбақ.
Ғани Қалмаханов