Атырауда өркениеттен шет қалған Ескене станциясының тұрғындары 9 жылдан бері қалаға көше алмай жүр. Ескерусіз қалған елді мекенде күрмеуі шешілмеген проблема көп. Рет-ретімен әріптесім Жандос Темірғали тарқатып айтады.
Күн суыта бастаса 71 жастағы Роза әжей қорадан қи тасып әлек. Қолқанат болар балаларының бәрі жұмыстың қамымен қалада. Станса басына қоныс тепкелі 50 жылдан асты. Содан бері тұрмыстың бейнетін көріп келеді. Көршілес қос ауыл әлдеқашан орталыққа көшірілген. Бірақ, іргедегі станция сол күйі қалды.
Роза Есқалиева, Ескене стансасының тұрғыны:
Біздің жағдайымыз өте қиын. Балаларымызға мектеп жоқ. Жерімізге сатып алып, зауыт салып жатыр. Айнала топырақ. Шал-кемпір болып отырмыз. Үйімізді берсе, алайық деп кете алмай отырмыз.
Ескене стансасында 106 үй бар. 25-інде ғана адам тұрады. Көште қалғандар – қарттар мен теміржолшылар. Көшірсе, қосымша пәтер аламыз деп өтірік тұрғызылған тағы 50-ге жуық үйдің құр қаңқасы тұр. Тіркелген халық саны 260-қа жуық. Тұрғындардың көбі қорасындағы азынаулақ малымен жан бағып отыр. Кезінде берекесі тасыған жұрттың бүгінде базары тарқаған. Алақандай ауыл алпауыт мұнай-газ зауыттарының құрсауында қалды.
Қалықыз Жақсылыққызы, Ескене стансасының басшысы:
Осы жерде жүрген жұмысшылардың бәрінің қан қысымы жоғары. Болашағымызды біз қаладан көріп отырмыз. Бізге керегі Атырау қаласына көшу. Біз Мақатқа барғанда не істейміз?
Болашағын ойлаған тұрғындар талай табалдырықты тоздырған. Бірақ, нәтижесіз. Бір анығы - оларға дайын тұрған үй жоқ.
Ержан Қалымбайұлы, облыс әкімінің баспасөз хатшысы:
Бұл ондаған жыл бойы көтеріліп келе жатқан мәселе. Облыс әкімі ауыл тұрғындарымен бірнеше мәрте кездесу өткізген болатын. Ауыл тұрғындары ауданға қарасты кенттерге емес, облыс орталығы Атырау қаласына көшіруді сұрап отыр. Ұсыныстарын демеушілер арқылы шешу жолдары қарастырылуда.
Ескенеге елді-мекен мәртебесі 2017 жылы берілген. Сол уақыттан бері жергілікті билік ескерусіз қалған ауылда бірде-бір шаруа атқармаған. Әлеуметтік нысандар атымен жоқ. Асфальт төселмеген. Интернет нашар. Жедел-жәрдем жарытып келмейді. Ауырған тұрғын 35 шақырымдағы Доссор кентіне өз күшімен діңкелеп әрең жетеді. Жұмыс көзі тек теміржол бекетінде.
Жандос Темірғали, тілші:
Станса тұрғындарының құжаты облыс әкімдігіне берілді. Бірақ, қазір көшіруді қаржыландыру үшін ірі мұнай компанияларымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бар үміт – демеушілерде.Егер олар келісім бермесе, Ескенеліктерге ескі орнында күн кеше берулеріне тура келеді.
Жандос Темірғали