Алматыда қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың қатысуымен рухани келісім күніне орай ғылыми-практикалық форум өтті. Басқосуға діни бірлестіктер, этномәдени орталықтардың басшылары қатысып, конфессияаралық келісім мен ұлтаралық татулықты нығайту жөнінде пікір алмасты.
Алқалы жиынды салтанатты түрде ашып берген Ержан Бабақұмаров Қазақстанның диалог пен ынтамақтастықтың бірегей алаңына айналуы жолында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбегі зор екендігін атап өтті.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған жиында деструктивті діни ағымдардың құрбандарын дәстүрлі дінге қайтару мәселесіне басымдық берілді. Сарапшылар ең алдымен түсіндіру жұмыстары қарқын алуы керектігін айтты.
Қазір мегаполисте діни ағымдардың жетегінде кеткендерді оңалтуға арналған орталық жұмыс істейді. 2017 жылдан бері 4 мыңнан астам адам көмекке жүгінген.
Ерғали Көшеке, қалалық Дін істері басқармасы басшысының орынбасары:
Екі тілде еркін сөйлейтін теологтарымыз, психологтармыз жұмыс жүргізіп жатыр. Адамды бірден дұрыс жолға қайтару - оңай шаруа емес. Біз жыл сайын ол адамдармен жұмыс жүргізіп отырамыз. Осы біздің жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 94 адам өзіміздің дәстүрлі дінге қайтты.
«Діннен адамдарды бір-бірінен бөлетін дүниені емес, керісінше табыстыратын бастауларды іздеген абзал». Елбасының бұл сөзін бүгінгі қоғамды бірлікте өмір сүруге үндейтін қағидаға айналдыру керек. Ол үшін ғалымдар мен сарапшылардың және бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі маңызды, дейді жиналғандар.
Төлеби Оспан, қаланың бас имамы:
Біздің елдегі дінаралық татулық пен ұлтаралық келісімнің үлгісі бұл әлемге үлгі болатын үлгі деп айтуға болады. Осы тарихи татулықты сақтау үшін бүгінгі әрбір діни бірлестіктің басшылары осыны қаперге алу керек. Осы татулықты сақтауға әрі қарай насихаттау керек деп ойлаймын.
Қазақ халқы ежелден ешкімді дініне қарап алалап, ұлтына қарап бөлмеген. Сондықтан ел бірлігін сақтау мен ынтымағын жарастыруда тарихи деректерге жүгінген дұрыс. Осыны басты назарға алған жауапты мамандар діни бірлестіктер мен түрлі ұлт өкілдерін ауызбіршілікке үндейтін бастамаларды қолға алған. Енді жиында айтылған сын-ескертпелер мен ұсыныстардан ортақ қорытынды шығарып, бұдан да биік нәтиже күтеміз, дейді ұйымдастырушылар.
Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ