Бүгін – Құтқарушылар күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Құтқарушылар күні

19.10.2021


Бүгін – Құтқарушылар күні. Төл мерекеде Оралдағы ала жаздай алапат өртпен арпалысқан батырлардың еңбегі елеусіз қалмады.

Олардың жұмыс күні осылай басталады. Зілдей киім мен керек-жарақты асынып үлгеруге небәрі 19 секунд беріледі. Жылдамдық, ептілік пен батылдық – құтқарушыға тән қабілет.

Осының бәрі бойынан табылатын сайыпқырандардың бірі - Манарбек Сұлтанов. Биыл аймақ апталап жанған алапат өрттен көз ашпады. Сол сын сағаттарда құтқарушы тәулік бойы үй бетін көрмей, оқиға орнында жүрді. Аптап ыстықта, сарышұнақ аязда да әрдайым сапта.

 Манарбек Сұлтанов, құтқарушы:

Орман өртінде құтқарушылар күні-түні өрттің басында жұмыс істейді . Кейде тамақсыз да қалады, сусыз қалады. Өте қиын. Қатты аяз болған кезде шамамен -45 градустай, ең қиыны – су беру. Жең құбырлары, үсті-басымыз су-су болып, аязда қатып қалады.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Мінекей, біз оқиға орнына келдік. Көріп тұрғаныңыздай, мына жерде көліктің алды өртеніп жатыр. Құтқарушылар шақырған бойда осы жерге келіп, жалынды сөндіруге кірісті.

Жеке құрам тек өрт болғанда ғана емес, кез келген оқыс жағдайда көмекке келеді. Апаттың алдын алады. Басын бәйгеге тігеді.

Ернұр Өтегенов облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:

Өрт сөндіруші, құтқарушылар таңертең күнделікті жұмысқа шығарда отбасын бір құшақтап кетеді. Төл мереке жалғыз бізге қатысты емес, мысалы, жаз бойы өрт болды. Орман шаруашылығының, әкімшіліктің азаматтары жұмыс істеді. Адам құтқару, өрттің алдын алу – мұның бәрі абыройлы қызмет.

Өңірдегі 28 өрт сөндіру бөлімі мен екі жедел құтқару жасағында мыңнан аса құтқарушы жұмыс істейді. Мереке күні олардың бірқатары марапатталды. Арасында біздің кейіпкеріміз де бар. Тілсіз жаумен күресетін көзсіз ерлік иелері – бүгінгінің нағыз батырлары.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ


құтқарушылар күні БҚО марапат

Хабарламаларға жазылу