Зайсан тұрғындары көмірсіз отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зайсан тұрғындары көмірсіз отыр

19.10.2021

 Шығыстағы Зайсан ауданында көмір тапшы. Ұрымтал сәтті пайдаланған саудагерлер көмірдің бір тоннасын 22 мың теңгеге сатып жатыр. Қат әрі сапасыз отынның кесірінен тұрғындар жылуға жарымай отыр. Ал олардың жанайқайына құлақ асқан әзірге ешкім жоқ.

Сайхан кенішінен өндірілетін көмір Бестік деп аталады. Қазір оның өзі қат.

Маратбек Асықбаев, Зайсан қаласының тұрғыны:

Ал көмірге барсаң, бүгін көмір жоқ. Сатып алайық десек. Ал инстаграмда Қаражыраның көмірінің тоннасы 28 мыңнан дейді. Ол жана ма, жанбай ма білмейміз. Бәрінің балалары бар, кішкентай балалары бар, бәрі тоңып отыр. Ал алған мына көмірді жағайық десек, жанбайды, не жылу жоқ.

Жерасты газға толы болса да, Зайсандағы 8 ауыл әлі күнге дейін көмір жағып отыр. Бірақ сол қатты отынның бағасы мен сапасына қатысты кейнігі кездері шағым көп. Жергілікті қойма иесі көмір нашар деген тұтынушы пікірімен келіспейді.

 Назерке Бықаева, көмір сатушы:

Көмірдің сапасына келсек, таудың басына барып көрулеріңізге болады. Біз жыл сайын отын жағу маусымы басталмай тұрып, екі жерден сертификат аламыз. Талапқа сай көмірдің сапасы жақсы. Ешқандай достық, сыбайластығымыз жоқ.

Бірақ бүгін көмір жоқ. Қойма құлыптаулы. Айтуларынша, техника жиі бұзылып, соңғы күндері кеніштен көмір жеткізілмей қалған. Осыны пайдаланған саудагерлер қатты отынды қымбатқа сатып жатыр. Ал әкімдіктегілер бағаны реттей алмаймыз дейді.

 Серік Тілемісов, Зайсан ауданы әкімінің орынбасары:

Түсіндірме жұмыстарын жүргізу арқылы ғана болмаса, нақты бағаға біз әсер ете алмаймыз. Қазіргі таңда нақты жоғары карьерде 13 мың теңгеден, төменгі карьерде   14 мың теңгеден, Зайсан қаласындағы базада 15500 теңгеден сатуда. Ал жеке кәсіпкерлер есебінен төменгі карьердан сатып алып, ауылдарға тарату жұмыстарын жүргізіп жатқан кәсіпкерлер есебінен 21,22 мың теңгеден сатып отырғаны рас. Бірақ Зайсанда 28 мың деген баға жоқ.

Алайда Зайсан ауданы толықтай көмірге тәуелді емес. 80 пайызы орталық газбен қамтылған. Бірақ газдандырудың үшінші кезеңі тоқтап тұр. Аудан орталығындағы 185 үй мен 8 ауылды көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін млрдтаған қаражат қажет.


Дана САЙЛАУБЕКОВА


Хабарламаларға жазылу