4 ғасырдың куәсі болған жәдігерлер. Петропавлдық Виктор Никонов 2 бәлмелі пәтерін мұражайға айналдырған. Қарт коллекционер көне заттарды табу үшін тіпті, жаз айларында қалада қазба жұмыстарын да жүргізеді. Тапқанын төріне жарқыратып іліп қояды. Тіпті ұнағанын сатып алатын көрінеді.
Виктор Никонов коллекция жинауды бала күнінен бастапты. Алғашқы бұйымын өзі тапқан. Сондан бері бұл іс әдетке айналған.
Виктор Никонов жәдігер жинаушы:
Әкем екеуміз қояндарды ұстау үшін шұңқыр қаздық. Онда ДСР ауданында тұратынбыз. Кенеттен темірге тап болдым. Алып шықсам, пулемет екен. Ағаш аяқтары шіріп кетіпті. Тағы бірде бір дорба монета тауып алдым. Содан бері көне заттарды жинап келемін.
Иконалар, фарфор мүсіндер, медальдар, монеталар, фотосурет, картиналар мен сағаттар, бәрін тізу мүмкін емес. Қабырғада ілулі тұрған заттардан көз сүрінеді. Бұл алқа қола мен мыстың қоспасынан құйылған. Қолына түскен көне заттардың тарихын Виктор Федорович жақсы біледі.
Виктор Никонов жәдігер жинаушы:
Ақша көп кетеді. Заттарды сатып аламын. Көненің көзін жинау - сүйікті ісім. Бау-бақша баптау да жаныма жақын. Монеталар жинағанды жақсы көремін. Жазда қазба жұмыстарына барамын. Арнайы құрылғыларым да бар.
Виктор Никонов қаланың әр түкпірін жақсы біледі. «Олжа табылады» деген жерлердің барлығында қазба жұмыстарын жүргізген. Оның коллекциясы соңғы рет мына монетамен толығыпты. Металл ақша XVIII ғасырда айналымда болған.
Сағындық СӘБИТҰЛЫ