Батыс Қазақстан облысындағы ауылдарда интернет байланысы нашар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстан облысындағы ауылдарда интернет байланысы нашар

18.10.2021

Батыс Қазақстан облысындағы ауылдарында интернет байланысы нашар. Бірінде тартылған талшықты-оптикалық желі тұрғын үйлерге қосылмай тұр. Екіншісінде бар байланыстың қуаты жетпей, балалар сабақ оқуға қиналып жүр. Мәселені Ардақ Мұратқызы таразылап көрді.

Саралжын ауылына былтыр жеткізілген талшықты-оптикалық байланыс желісі мектеп, медпункт секілді әлеуметтік нысандарға қосылып тұр. Енді тұрғындар оны үй-үйге жеткізіп беруді сұрайды. Әзірге 32 үйден өтініш түскен.

Нарынбек Керешев, Саралжын ауылдық округінің әкімі:
Балаларымыз сабақ оқыған кезде және ұстаздарымыз бар, сабақ бәрі ғаламтор арқылы, интернеттің қажеттілігі өте маңызды. Жеке тұрғындардың бәрі де электр жарығы, газдың ақшасы, соның бәрін интернет арқылы төлейді. Қазіргі қолданыстағы билайн интернеттің жылдамдығы өте төмен. 

Төрт мыңнан аса тұрғыны бар Хан Ордасы мен Бисен ауылдарында да желінің жылдамдығы төмен. Техникалық мамандар байланыс сапасының нашар екенін растаған. Операторларға айыппұл салынып, жағдайды реттеуге екі ай мерзім берілген.

Талшын Қажығалиева, Хан Ордасы ауылы мектебінің мұғалімі:
Интернетті қабылдау бізде өте нашар. Көпшілігінде, кейбір көшелерде жүргізілген жоқ уай-фай. Ауылдық жердің шет жағында дұрыс ұстамайды. Сондықтан оларға қиындық туып отыр.

Құзырлы орган Бөкей ордасы, Шыңғырлау, Ақжайық аудандарының мектептерінде интернет сапасы талапқа сай еместігін анықтаған. Ереже бойынша ауыл мектептерінде желі жылдамдығы секундына - 4, ауданда - 10, қалада 30 мегабиттен кем болмауы тиіс. Ал іс жүзінде жағдай басқа.

Гүлнәр Сәрсенғалиева, облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы:
Бүгінгі таңда сол талаптар орындалмай отыр. Мысалы, Ақжайық ауданының екі мектебінде сол сәйкессіздік анықталды. Егерде келісімшарт бойынша 10 мб/с қарастырылса, біреуінде интернет жылдамдығы 3 мб/с, екіншісінде 8 мб/с анықталып отыр.

Ал байланыс операторларының шалғай ауылдарға интернет жеткізуге құлқы жоқ. Өйткені қондырғы орнату, желі тарту қымбатқа шығады. Әрі аудан-ауылдағы инженерлік желілер әбден тозған.

Арбек Аманғалиев, өңірлік телекоммуникация дирекциясы бөкей ордасы аудандық бөлімінің басшысы:
Халық арасында наразылық бар, неге көршімнің үйінде бар, неге менде жоқ деген. Ал Саралжын ауылында техникалық мүмкіндігіміз болмай отыр.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша соңғы үш жылда 200 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылуы тиіс еді. Күні бүгінге солардың тек 70-іне осы игілік жеткен. Қалғандарының дені ұялы байланыс операторларының желісіне қосылған. Биыл тағы 12 ауылға талшықты-оптикалық желі орнатылмақ. Ал түгел өңірді кең жолақты сапалы интернетпен қамту үшін миллиардтаған қаржы керек.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу