«Қазақ әдебиеті» газетіне - 80 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақ әдебиеті» газетіне - 80 жыл

11.01.2014
«Қазақ әдебиеті» газетіне - 80 жыл

Қазақ басылымдардың бірегейі - «Қазақ әдебиеті» газетіне 80 жыл толды. Тұңғыш саны 1934 жылы жарық көрген газет - ұлтымыздың рухани айнасы, әдеби һәм мәдени өмірін жан-жақты қамтитын басылым. Алғашқы басшысы Бейімбет Майлин болған басылымда талай Алаш алыптарының қолтаңбасы қалды. Қанша аумалы-төкпелі қиын кезеңдерден өтсе де көсемдерден қалған көркем сөздерді ұмыттырмай ұлтқа жеткізіп келе жатқан басылым бұл.

 
Мәлік ақсақал «Қазақ әдебиеті» газетін 70-ші жылдардан бері оқиды. Тұрақты оқырман бұл басылымды қазақ пен қазақ тілінің жанашыры,-дейді.
 
Мәлік Тұрсынбеков, тұрақты оқырман:
«Қазақ әдебиеті» газеті әдебиетті, тарихты көп уағыздайды. Оқып отырғанда қасыма немірелерімді отырғызып қоям. Естісін, миына тоқи берсін деп. Қазақтар үшін бұл газеттің тәрбиелік мәні зор деп ойлаймын. 
 
«Қазақ әдебиеті» «Қазақ» газетінің тікелей жалғасы десек те болады. Ұлттық мүдде, әдебиет пен мәдениетті насихаттайтын басылымнан қазақтың бүгінгі болмысын көреміз. Бір сөзбен айтқанда, қазақ ұлтының қажеті мен қатесін айтатын нағыз жанашырлардың мақаласы шығады мұнда. Басылым басшысын жастардың қағаз оқудан қалып бара жатқаны қынжылтады. Ұлт ұлы болмай газет ұлы болмайды, - дейді ол. 
 
Жұмабай Шаштайұлы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы: 
Ұлтқа негізгі сөзді айтатын газеттің бірі осы болып отыр қазір. О, баста ашылған беттен ұлтқа сөз айтатын ұстанымды ұстанған газет содан айнымауы тиіс. Соны айтып келе жатқан сияқтымыз. Енді бүгінгі қазақ халқының хал-күйі, бүкіл ниет-пиғылын жасайтын мәселелер алдыңғы қатарға шығуда.
 
Газетке шығатын әр мақаланың үтір-нүктесінен бастап мағынасына, стиліне дейін түзейтін, артық сөзін күзейтін маман болады. Ол – корректор. «Қазақ әдебиеті» газетінде 35 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Гүлжан Теміреева – газеттің корректоры. Қазақ тілінің шұрайы мен мәйегін кетірмей, оқырманға таза қылып жеткізу үшін көз майын тауысып, қара кештен таңғы 6-ға дейін қателерді түзейді. Ол: «Өміршең газетте үлкен кие мен құдірет бар»,- дейді.
 
Гүлжан Теміреева, «Қазақ әдебиеті» газетінің корректоры:
Қазір міне, зейнетте болсам да осыдан ажырамай отырмын. Себебі, қиып кете алмаймын. Менің өмірім газетпен бірге. Қазақ айтады: бетімнің қызылы, шашымның ұзыны деп. Мен соның барлығын осы газетке салдым. 
 
Қазақ әдебиеті қаймақтарының қаламынан шыққан мақалалар жарық көрген басылымның бүгінде 11 000-нан астам тұрақты оқырманы бар. Талай жанның серігіне айналған газеттің әлі де айтар сөзі, арқалар жүгі көп.
 
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу