Елдегі этносаралық келісімді сақтауда Жамбыл облысында жүзеге асқан «Бейбітшілік пен келісім» пилоттық жобасы өз нәтижесін берді. Жоба аясында 145 елдімекенде кездесу өтіп, халықты алаңдатқан мәселелер талықланды. Тараз қаласында өткен халықаралық жиында ұлтаралық ынтымақтастықты арттыру, әсіресе көпұлтты елдімекендерде әлеуметтік проблемаларды шешу жолдары сөз болды.
Қазақстандағы ұлтаралық келісім әлем елдеріне үлгі. Жиында этносаралық ынтымақтастықтың дамуы туралы ой қозғаған шетелдік сарапшылардың ортақ пайымы осыған саяды. Елімізде ең алғаш «Бейбітшілік пен келісім» жобасы Жамбыл облысынан бастау алды. Осы жоба аясында көпұлтты ауылдардың ахуалы толық зерделеніп, елдімекендердегі әлеуметтік мәселелер анықталды.
Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:Облыста 87 этнос өкілдері 25 елді мекенде тығыз шоғырланған. Ол ауылдардың әлеуметтік картасы жасалып, жауапты қызметкерлер белгіленген. Этно картада әлеуметтік мәселелер және оның шешу жолдары қарастырылған.
Біздің жүзеге асырған жобамыз бүкіл Қазақстанға әрбір өңірде жүзеге ассын деп қаралды.
Қазір әлемде қордаланған, шешімін таппаған түйткілдер көп. Жаһанда сын-қатерлер көбейген сайын азаматтық қоғам ілгерлеуді, рухани өркендеуді қажет етеді. Ал, даму үшін этносаралық келісімнің , ұлттар арасындағы ынтымақтастықтың маңызы орасан дейді сарапшылар. Осы ретте Ассамблеяның рөліне жоғары баға берілді.
Виктор Щербина, әлеуметтану ғылымдарының докторы /Украина/:Біріншіден халықтар Ассамблеясының посткеңестік елдер үшін рөлі өте жоғары. Бұл тұрғыда Қазақстанда ауыз толтырып айтар жобалар іске асып жатыр. Оған біз біраз жылдан бері куә болып келеміз. Басқаларға да үлгі бола алады. Ұлтаралық келісімді қалыптастыруда тәжірибе алмасып отыруымыз қажет.
Мамандардың пікірінше ұлтаралық араздықты тудыратын және оған итермелейтін ғаламтор кеңістігі, әлеуметтік желідегі теріс пікірлер. Жыл басынан бері осындай үш мыңға жуық материал бұғатталған. Сондықтан ақпараттарға дер кезінде талдау жасап,таразылау аса маңызды дейді сарапшылар.
Данияр Асқарұлы