Қол-аяғы қалтыраған 11 жастағы қыз баланың миына құрылғы қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қол-аяғы қалтыраған 11 жастағы қыз баланың миына құрылғы қойылды

15.10.2021

Елімізде алғаш рет дистония ауруына шалдыққан 11 жастағы қыз балаға операция жасалды. Паркинсонның бір түрі саналатын бұл дерт әдетте егде адамдарда көп кездесетін. Аурудың бала бойында дендеуі сирек жағдай. Бірақ бір қуантарлығы дерттің дауасы бар. Нейрохирургия орталығы Орта Азия көлемінде жасалып көрмеген операцияны қолға алып, алғаш рет тәуекелге барды.

Бес жасқа дейін Ақжібек зерек еді. Түрлі үйірмелерге де қатысқан. Бірақ 2015 жылдан бастап аяқ қолы қалтырап, зат ұстаудан қалған

Ал тоғыз жасында ауруы асқынған. Жүруі қиындап, басын көтере алмаған. Диагнозын соңғы екі жылда ғана білген анасының апармаған жері жоқ.

Нейрохиругия орталығы. Көптен күткен операция. Бұған дейін паркинсонмен ауырған егде адамдардың басына орнатқан аппарат енді алғаш рет баланың миына қойылады.

Марат Күлмырзаев, ұлттық нейрохиругия орталығы бөлімінің нейрохирург-дәрігері:
Балаға бұл операция өте қиын. ауыр батады. Сондықтан біз жеңіл түрде наркозда жатуын сұрадық. Толығымен ұйықтамайды. Арасында сұрақтарымызға жауап береді. Бірінші этапын енді бітіріп жатырмыз. Мидың ішіне қоятын электродтарымыздың бәрін қойдық. Аппаратпен бәрін тексердік бәрі ойдағыдай өтті.

Бұл елімізде диагнозы расталған бірінші жағдай және операция да тұңғыш рет жасалды. Аяқ қол дірілдеп, өзін-өзі басқара алмайтын ауру түрі бұған дейін тек ересектерде анықталып келген.

Сапарбек Базарбайұлы, ұлттық нейрохиругия орталығы бөлімінің нейрохирург-дәрігері: 
Науқас өзін-өзіне қызмет көрсетуге, тамақтануға өзін-өзі қызмет көрсетуге мүмкіндігі шектеледі.

Сонымен 3-4 сағатқа ұласқан операция сәтті аяқталды. Ақжібек палатаға шығарылды. Есін жиды. Бізге қарап жымиып қояды. 

Ақмарал Қапанова, Ақжібектің анасы:
Жүріп кетсе екен. Қатарына қосылса екен дейміз. Оның да мектепке барғанын қалаймыз.  Дәрігерлерге көп көп рахмет айтамын. Өте білікті мамандар. Қуанып мәз болдық сондай адамдардың өзімізде бар екеніне.

Ал мидағы құрылғыны мамандар біртіндеп қосады. Аппарат пультпен басқарылады. Қуаттағыш батареясын әр бес жылда ауыстыру қажет. Осылайша аяқ-қолының қалтырауы басылып, қалыпты өмірге қайта оралады дейді дәрігерлер.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу