2022 жылдан коронавирусқа қарсы шетелдік екпелер ақылы болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2022 жылдан коронавирусқа қарсы шетелдік екпелер ақылы болады

15.10.2021

Келер жылдан бастап коронавирусқа қарсы шетелдік вакциналар ақылы болады. Бұл жөнінде денсаулық сақтау министрі мәлімдеді. Демек, елде өндірілген QazVac пен Спутник- V ғана тегін. Қазір фармкомпаниялар бұл мәселені пысықтап жатыр.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі: 
Қазақстанның өзге елдерге қарайламай, тиімділігі клиникалық зерттеулермен дәлелденген өз вакцинасын шығара алатын мүмкіндігі бар. Сондықтан отандық екпені ғана кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында сатып алуға болады. Оның өзінде қалған вакциналар тұмау сияқты аурулардың екпесі секілді коммерциялық айналымға жіберіледі. Біз қазір өндіруші компанияларды нарыққа кіріп, қызметін ұсынуға үгіттеп жатырмыз.

Сондай-ақ, министр коронавирусқа қарсы иммундалған қазақстандықтар ревакцинация үшін кез-келген екпе түрін таңдай алады дейді. Бастапқы салдырған екпе де жарамды. Алайда, ресейлік Спутник– V -ды алғандар осы вакцинаның негізінде өндірілетін Спутник Лайтпен егіледі. Өйткені Спутник– V-дің бірінші және екінші компоненті арасында мөлшерлік айырмашылық бар. Сондай-ақ, Бас дәрігер қазан-қараша айларында елге Pfizer екпесі де жетеді деп отыр. Онымен әуелі 12 жастан асқан балалар мен жүкті әйелдер егілмек. Сондай-ақ министрлік өкілдері екпенің үшінші компонентінен бас тартқандарға ешқандай шектеу болмайды дейді.

Ләйлә Дулатқызы

Хабарламаларға жазылу