Президент Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты

14.10.2021

Пандемиямен күресте күш біріктіру қажет. Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне ортақ жобаларды әзірлеуді ұсынды. Сондай-ақ одақ басшыларына ортақ жұмыстағы бірнеше басым бағыттарды да атады. Еуразиялық экономикалық кеңесте тағы қандай мәселелер талқыланды? Тілші материалында.

Бұл жиын әуелде Минск қаласында өтуі керек еді. Мемлекет басшылары бетпе-бет кездесуге уағдаласқан. Алайда карантин кедергілеріне байланысты президенттер кезекті мәрте онлайн жүздесті. Дегенмен бұл кеңестің жұмысына кедергі келтірген жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаев пандемияның қыспағын еңсеру үшін күш біріктіруге шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Бізге фармацевтика және ғылым саласында бірлескен жоба әзірлеп, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды реттеуді үйлестіру қажет. Елдер экономикасы тұрақтанып келе жатыр. Биыл бірінші жарты жылда одақ елдерінің жалпы ішкі өнім көлемі 4,5 пайызға өсіп, 900 млрд долларға жетті.
Дегенмен жағдай оңалып келеді деп босаңсуға болмайды. Мемлекет басшысы әріптестеріне бірнеше бағыттағы жұмыстарға басымдық беруді ұсынды. Солардың бірі азық-түлік қауіпсіздігі. Бұл мәселе жылдан-жылға өзекті бола түспек. Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құжатты қабылдауды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Қазір әлемнің әрбір 10-тұрғыны, яғни 700 млн адам азық-түліктің жетіспеуінен зардап шегіп отыр. Әрине, біздің елдердегі жағдай әлдеқайда жақсы. Алайда әлемдік нарықтағы бағаның өсуі біздің нарыққа да әсер етіп жатыр. Бұл жыл өткен сайын күшейе түсуі мүмкін. 
Ортақ инвестициялық жобаларды жасауда сылбырлық бар. Тек Қазақстан мен Ресей ғана соңғы екі жылда бірлесіп бірнеше ірі кәсіпорын ашты. Алайда басқа елдермен бұндай ынтымақтастық байқалмайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Ірі және өзекті инвестициялық жобалар тапшылығы бар. Үкіметтерге интеграциялық өзара іс-қимылдың осы векторын күшейту турал тапсырма беру дұрыс болады деп санаймын.
Одақ елдері әлемдік алыс-беріс жүретін күре жолдардың бойында орналасқан. Сондықтан да трансшекаралық жолдар мен логистикалық хабтарды дамыту қажет деді президент. Мемлекет басшысы Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегіне бейтарап ел болуға ұмтылып жатқанын да айтты. Осы бағытта тәжірибе алмасып, бірлесе әрекет етуге шақырды.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу