Солтүстік Қазақстан облысындағы Бескөл елдімекенінің тұрғындары биотоғанды жабуды талап етеді. Себебі 12 мыңнан астам халқы бар ауданның кәріз сулары түгелімен ауыл іргесіндегі жалғыз көлге кеп құйылады. Экологиялық ахуал осылай ушыға берсе, тұрғындар ауылды тастап көшуге мәжбүрміз дейді.
Эльмира Кәленова, тілші:Биотоған тұрғын үйлерден небәрі 30 метр қашықтықта орналасқан. Мұнда құйылатын кәріз сулары тазаланбастан ел іргесіндегі көлге ағып жатыр. Салдарынан кей тұрғындардың денсаулығы сыр бере бастаған.
Орынтай Мырзақаева сырқаты дендеп дәрігерге жиі қаралатын болғандықтан аудан орталығына көшіп келіпті. Демікпеге шалдыққан кейуана іргедегі тоғаннан тараған күлімсі иіс одан сайын денсаулығымды тұралатты деп налиды.
Орынтай Мырзақаева, зейнеткер:Мынау арада мінеки катлаван. Мынау менің үйім. Далаға шығып дем ала алмаймыз. Өзім үйді сата алмаймын. Өзім ауырамын. Енді үйді тастап кетсем, қайда барам? Сонымен отырмыз.
Көлге лас суды тасыған көліктер легі күні бойы толастамайды. Орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылмаған үйлердің құдығын тазалап, нәпақасын тауып отырғандар да кәріз суын осында құяды.
Сайлау Нұрғазы, ауыл тұрғыны:Күніне мінеки міне бір 100 рейс өтеді. Жаман суды қаладан да әкеледі. Рабочий поселоктан. Жол да жоқ, шынын айту керек, шаң түгел. Дем ала алмайсың. Кір жая алмайды. Қап қара болады.
Қазір ауылда 300-ге тарта шаңырақ түтін түтетіп отыр. Тұрғындар баспана салғанда биотоған жайында білмепті. Көпшілік жер бөліп, құрылыс жүргізуге рұқсат берген әкімдікті айыптайды. Қазіргі басшылар да мұның өрескел қате екенін мойындап отыр.
Қайсар Әмірин, Қызылжар аудандық әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің жетекшісі:Биотоған 60-70 жылдары пайда болған. Одан кейінгі жер бөлу кезінде кеткен қателіктер. Өтйкені ол биотоғанның маңайында норматив бойынша бір, бір километрден артық жерде үйлердің де, ешқандай объектілердің де салынбауы керек. Қатаң түрде.
Халықтаң арыз-талабы бойынша биотоғанда облыстық экология департаменті тексеріс жүргізген. Құзырлы орган оны жабу жөнінде сотқа арыз жолдады.
Азамат Бектасов, облыстық экология департаментінің басшысы:Тастаған кәріз суларының нормадан асуы және де осы су ластауыш құбырлардың су өлшейтін құралдары болған жоқ. Бүкіл осы фактілерді жинап, талап-арыз жіберілді.
2019 жылы аудандық әкімдік биотоғанды тазалайтын жүйе салу үшін жобалық-сметалық құжат әзірлеп, мемлекеттік сараптамаға жіберген. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жариялаған мараторийге байланысты жоба мақұлданбады. Бескөлдіктердің 26 қазақ күні өтетін соттың шешіміне үміт артып отыр.
Эльмира Кәленова