ЖІӨ 9 айда 3,4%-ға өскен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ЖІӨ 9 айда 3,4%-ға өскен

12.10.2021

Елімізде инфляция өсіп жатыр. Ұлттық банк төрағасының айтуынша ол қымбатшылықтың кесірінен өсуін жылдамдатып, 8,9 пайызға жеткен. Әсіресе 13 өңірде жағдай мәз емес. Бүгін Үкімет еліміздің 9 айдағы әлеуметтік экономикалық дамуын қорытындылап, көрсеткіштерді жариялады. Тілшіміз тарқатып айтсын.

Пандемияның кесірінен кері кеткен көрсеткіштерді қалпына келтіру кезек күттірмейтін мәселе. Бірақ инфляция ырыққа көнер емес. Өсіп барады. Белгіленген межеден асып, 8,9 пайызға жеткен. Ұлттық банк төрағасының айтуынша бұған қант, жұмыртқа, тауық пен сиыр еті секілді әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 10 пайызға қымбаттауы әсер етіп жатыр. Дизель бағасының көтерілуі де жығылғанға жұдырық болды дейді.

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық банк төрағасы: 
Қыркүйекте дизель отынына бағаның өсуі 3,8%-ті құрады, ал жекелеген облыстарда 10%-тен асты. Өндірістің өсуіне, сондай-ақ экспорттың тоқтатыла тұруына қарамастан, инфляциялық қысымды күшейтетін және басқа тауарларға жанама әсер ететін дизель отынының тапшылығы байқалады.

Досаев инфляцияны «ұстап тұру» үшін өңірлерде азық-түлік қымбатшылығына жол бермей, түрлі тауар тапшылығын болдырмау керек дейді. Десе де бұған қарамастан экономикалық өсім қалпына келе бастады. Ұлттық экономика министрінің айтуынша жалпы ішкі өнімі 9 айда 3,4 пайызға өскен. Әсет Ерғалиев сөзінше карантинтік шектеулер жеңілдетілгелі барлық сала бойынша тұрақты өсім бар. Әсіресе өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсету секторында алға жылжу байқалады. Десе де бұл жеткіліксіз. Жұмысты жандандыру үшін Үкімет басшысы инвестиция қажет деді.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
Қызмет көрсету секторы да карантиндік шектеулер азаюына байланысты сенімді түрде қалпына келіп жатыр. Құрылыстың өсу қарныны 9,7 пайыз деңгейінде. 9 айда елде 10,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 пайызға көп. Іскерлік белсенділікті одан әрі қалпына келтіру және сапалы даму үшін инвестициялар тарту ісін жалғастырып, одан әрі күшейтудің маңызы зор.

Сондай-ақ премьер қымбатшылыққа қарсы күресті күшейтіп, инфляцияны тежеуді тапсырды. Әрі бұл істі қатаң бақылауда ұстайтынын ескертті.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу