Қарағандыда экстремалды ойынның соңы кісі өлімімен аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда экстремалды ойынның соңы кісі өлімімен аяқталды

11.10.2021

Қарағандыда экстремалды ойынның соңы кісі өлімімен аяқталды. Қаладағы ғимараттардың бірінің төбесіне шығып, секірген әйел жердегі бетонға соғылып, мерт болды. Экстремалды ойынды оған туған күніне сыйлық ретінде тарту еткен көрінеді. Адам өліміне әкеп соқтырған аттракционның иесі мен қауіпсіздік белбеуін бекітетін нұсқаушылар қазір тергеуге алынды. Қайғылы жағдайға себепкер "FLY" компаниясы қауіпсіздік талаптарын сақтады ма? Мәселенің мән-жайын тілшіміз Руслан Нұрланұлы анықтап көрді.
Руслан Нұрланұлы, тілші: 
Оқыс оқиға құрылысшылар көшесіндегі мына ескі қонақ үй ауласында болған. Биіктігі 30 метрдей болатын ғимараттан әйел адам беліне арқан байлап секірмек болған. Алайда арқан босап кетіп, ол серіктерінің көз алдында мерт болды.
Бұл мерт болған 33 жастағы әйелдің алғашқы секіруі емес. Бұған дейін де бірнеше мәрте бағын сынапты. Сондықтан болар ол еш қаперсіз нұсқаушының бұйрығымен биіктіктен төмен қарай құлдилайды.

Бетонға соғылған әйелдің бас сүйегі жарылып, миына зақым келген. Оған шұғыл операция жасалғанымен,дәрігерлер жанын арашалап қала алмады. Қазір аталған факті бойынша қылмыстық кодекстің 306 бабы 3-ші тармағына сәйкес іс қозғалды. Егер ойынды ұйымдастырушылардың кінәсі толық дәлелденсе 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бақытжан Құдияров, Қарағанды облыстық полиция басқармасының баспасөз хатшысы: 
Қозғалған қылмыстық істің негізінде полиция қызметкерлері атракцион ұйымдастырушылардың лицензиясы бар болғанын немесе болмағанын, сондай-ақ қауіпсіздік ережелерін сақтау, сақтамау туралы мәселелерін қарастыратын болады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.
Облыстық туристік клубтың мамандары роуп-джампингті спорт түріне жатқызуға болмайды, - дейді. Мұнда бекітілген белгілі бір ереже жоқ. Әркім өз қалауынша ұйымдастыра береді екен. Бүгінде экстремалды ойын түріне қызығушылық танытатындардың қатары күрт көбейіп, елдің түкпір-түкпірінде белең алған.
Сергей Кистанов, облыстық туристік клубтың басшысы: 
Бізде экстремалды ойынды ұйымдастырушыларға кәсіпкер ретінде лицензия берілуі мүмкін. Бірақ қауіпсіздігін тексеріп жатқан ешкім жоқ. Соның салдарынан осындай қайғылы жағдайлар орын алады. Адам биіктен секіргенде нақты өлшем керек. Адамның салмағы, арқанның қалыңдығы, ұзындығы ескерілуі тиіс. Ал мұндай қауіпті ойынды ұйымдастырушылар оған бас қатырмайды. Сондықтан бұл жұмысты реттейтін тиісті құжат керек.
Қайғылы жағдайға себепкер "FLY" командасы соңғы жылдары өздерін әлеуметтік желіде белсенді жарнамалап келген. Биіктіктен секіру құны 5-6 мың теңге шамасында. Қазір олардың жұмысы уақытша тоқтатылды.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу